Алдағы уақытта 800 мың бас киік атылуы мүмкін.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары алғаш рет ақбөкен етінен шұжық жасап шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жергілікті басылымның жазуынша, шұжыққа оқу орнының жанындағы питомникте өсірілген киік еті мен құс еті қосылған. Оны Орал қаласындағы университеттің жас ғалымдары жоба аясында іске асырды.
«Алдымен киік етінің сапалық көрсеткіштерін зерттедік, содан кейін қауіпсіздік көрсеткіштерін, яғни микробиологиялық қауіпсіздігін, ішек таяқшаларының, патогенді және шартты патогенді бактериялардың болмауын қатаң бақыладық», - деп түсіндірді «Азық-түлік қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Аян Оразов.
Шұжыққа тұз, бұрыш, сарымсақ қосылған. Ғалымдардың сөзінше, киік еті өті шырынды келеді, дайын өнімді тоңазытқышта екі аптаға дейін сақтауға болады. Бір киіктің салмағы 13-15 келі тартады.
Мамандар шұжық өндіру технологиясын әлі де жетілдірумен айналысып жатыр. Олар рецепті толық қалыптастырып, авторлық патент алуды және кейіннен өндірісті бастауды жоспарлап отыр.
Соңғы санақ бойынша, Батыс Қазақстан облысын 2,3 миллионға жуық ақбөкен мекендейді.
Еске салсақ, экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда шамамен 800 мың бас киік атылуы мүмкін екенін айтқан болатын.