Қазақстанда 2028 жылға дейін астықты терең өңдейтін 5 ірі кәсіпорын іске қосылады

0
33

Қазіргі таңда жылына 510 мың тонна қуаттылықтағы 3 кәсіпорын жұмыс істейді.


Қазақстанда 2028 жылға дейін астықты терең өңдейтін 5 ірі кәсіпорын іске қосылады

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 2 желтоқсанда өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров астықты терең өңдеу көлемін ұлғайту жоспарлары туралы айтты, деп жазады zakon.kz.

Министр бұл бағытқа ведомство ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

"Қазіргі таңда жылына 510 мың тонна қуаттылықтағы 3 кәсіпорын жұмыс істейді. Өнім түрлері: крахмал, глютен, патока, биоэтанол. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдейтін жылдық қуаттылығы 4,8 млн тонна болатын 5 ірі жоба іске қосылады", – деді Сапаров.

Оның айтуынша, салаға салынатын инвестиция көлемі 2,6 млрд долларды құрайды, 3,3 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер секілді жаңа өнім түрлерімен ассортимент кеңейеді.

"Инновациялық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету жүгері егістік алқаптарын ұлғайту арқылы жүзеге асырылады. Өңделген өнім үлесін арттыру мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деп толықтырды министр.

Бұған дейін Қазақстанда ұн мен өсімдік майының өндірісі арттырылатыны хабарланған болатын.