Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров елдегі ірі көмір өндіруші компанияларымен кеңес өткізді.
ERNUR.KZ. Жиында Президенттің V Ұлттық құрылтайда тапсырған міндеттерін орындау барысы талқыланды. Кездесудің басты тақырыбы – көмір генерациясын дамытуға арналған жаңа Ұлттық жобаны әзірлеу болды. Жоба 33 млрд тоннадан астам қоры бар көмірді Қазақстан үшін стратегиялық маңызды ресурс ретінде бекітуге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Вице-министрдің айтуынша, жоба тек электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Жоба саланы кешенді дамытуға негізделеді. Осы арқылы инвестиция тарту, отын-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті күшейту көзделіп отыр.
Қазіргі болжам бойынша, 2032 жылға қарай жаңа жобалар үшін энергетикалық көмірге деген сұраныс жылына 19 млн тоннадан асады. Сондықтан өндіріс қуатын жедел арттыру қажеттігі туындап отыр.
Кеңес барысында «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының» атқарушы директоры Николай Радостовец, «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак және «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның өндіріс жөніндегі директоры Павел Чувашев баяндама жасады. Олар өндірістік қуатты ұлғайту жоспарларын ұсынып, саланы цифрландыру мен инвестициялық бағдарламаларға ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, «Богатырь Көмір» ЖШС 2024 жылғы 42,7 млн тонна өндіріс көлемін 2026 жылға қарай 45,2 млн тоннаға дейін, ал 2032 жылға қарай 56,5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Компания 2032 жылға дейін ЦТТ (циклді-толассыз технология) нысандарын салуға, техника алуға және өндірісті жаңғыртуға 360 млрд теңге бағыттайды. Сонымен бірге, тиімділік пен қауіпсіздікті арттыру үшін ЦТТ-ның MES жүйесі және жүк ағындарын оңтайландыру құралдары енгізілуде.
«Шұбаркөл Көмір» АҚ-та өндірісті ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Компания 2026 жылы көмір өндіру көлемін 16,1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. 2026-2032 жылдарға арналған инвестициялық стратегия аясында 95,5 млрд теңге техникалық қайта жарақтандыруға және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталады. Жоспарда ЦТАК-2 (циклді-толассыз аршу кешені) құрылысының екінші кезеңін іске асыру, 49,4 млрд теңгеге жабдықтар паркін жаңарту, сондай-ақ Hovermap жүйесін және роботтандырылған автоаударғыштарды (самосвал) енгізу қарастырылған.
Кеңесті қорытындылаған Ерлан Ақбаров жартылай вагондар паркін кеңейту мен теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуды қатар жүргізудің маңызын атап өтті. Бұл отын жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.


