Қазіргі уақытта су тапшылығы мәселесі – бүкіләлемдік проблемаға айналып отыр.
Су – қай жерде болмасын адамзат тіршілігіне қажетті ең маңызды ресурс. Сондықтан да елімізде су қоры өте мол болмаса да, соңғы жылдары су көздерін қорғау, қауіпсіздігін күшейту және үнемдеп пайдалану бағытында біршама жұмыс іске асырылып жатыр. Әсіресе, су көздеріне арналған инфрақұрылымды жақсарту, су айдындарына тиетін зиянды жою, тұрғындарды ауыз сумен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін ағын сумен қамтамасыз ету проблемасына ерекше басымдық берілуде.
Қазіргі уақытта су тапшылығы мәселесі – бүкіләлемдік проблемаға айналып отыр. Осы ретте ел шекарасының ішіндегі су қорының жартысына жуығы шет мемлекеттердің аумағынан келетінін атап өту керек. Мәселен, Сырдария, Ертіс секілді ірі өзендер бастауын көршілес жатқан мемлекеттерден алады. Сол себепті, трансшекаралық су көздеріне қатысты мәселелер мемлекет билігінің жіті бақылауында. Оған қоса, мамандар биыл халық санының көбеюі, агросектордың дамуы мен ел климатындағы өзгерістер суға деген қажеттілікті отыз пайызға дейін көбейтеді деп болжаған. Тиісінше, ел Үкіметі бұл проблемаларды бақылап қана қоймай, Орта Азиядағы елдермен және Қытай Республикасымен түрлі меморандум жасау арқылы су ресурсын пайдалану және бөлу жолдарын жүйеге келтіруге күш салып келеді.
Мәселен, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі өткен жылы осы бағыт бойынша қырық төрт рет жиын өткізген. Оның жартысынан астамы Орталық Азияда орналасқан мемлекеттермен өткізіліп, соның нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігіндегі диқандарды қажеттілігі толықтай қамтамасыз етіліпті. Қалған отырыстар екі ірі мемлекет – Ресей және Қытайдың ведомстволарымен өткізіліп, тараптар үшін тиімді келісімдер түзілген. Министрлік өкілдерінің мәлімдемесіне сүйенсек, аталған жұмыстар 225 жылы да жалғасын тауып, елімізге келетін су көлемі келісіліп келеді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Қазақстан аумағындағы су ресурсына арналған инфрақұрылымның алпыс пайызға жуығы тозған екен. Мұны сала сарапшылары зерделеп, аталған проблема су қорын пайдалану кезіндегі ысырапқа себеп болып жатқандығын айтады. Осы орайда ел Үкіметі егін алқаптарына су жеткізетін каналдар мен тозығы жеткен су қоймаларын жаңғырту, су қорын үнемдеуге көмегі тиетін озық технологияларды қолданысқа енгізу және жаңа су қоймаларын соғу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Атап өтсек, су ресурстары инфрақұрылымын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Осы бағдарлама аясында ел аумағында жаңадан тоғыз су қоймасы салынып жатыр. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асатын су арнасы жөнделіп, ел аумағындағы егістік алқабы 3,7 миллион гектарға жеткізілмек. Екі жүзден астам құрылым қалпына келтіріліп, «ақылды су» платформасы арқылы су ресурстары жүйесі толықтай автоматты режимге көшірілмек. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылдың аяғына дейін ауыл халқын толықтай таза сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Оған қоса, елімізде су ресурстарын тиімді басқаруға арналған ұзақмерзімді тұжырымдама іске асырылып жатыр. Тұжырымдама аясында жер астындағы су қорын зерделеу және тиімді қолдану жұмыстары атқарылмақ. Ал, биыл аталған салаға екі жүз млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 млн 500 мың тұрғын бірінші рет таза ауызсумен қамтылатын болады.
Қазақстандағы су ресурстарын басқару саласында өзге де маңызды бастамалар бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа Су кодексі, жаңа тұжырымдама, 2028 жылға дейін іске асырылатын жоспар мен су үнемдеуге арналған «Жол картасы» дайындалды. Аталған жобалар аясында елімізде жалпы саны жиырма жаңа су қоймасының құрылысы жүргізіліп, тағы он бес су қоймасы қайта жаңғыртылатын болады. Одан бөлек, 15 мың шақырымға жуық канал реконструкцияланып, су жеткізу кезіндегі шығынның жартысы азаяды.
Жоғарыда Президент тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексі әзірленгенін атап өттік. Бұл кодекс су саласындағы өзекті проблемаларды шешу, су тапшылығы мәселесінің алдын алу, жердің үстіндегі және астындағы су қорын тиімді қолдану, суды үнемдеу, ел арасында суды дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастыру сынды басымдықтарға негізделген.
Ал, су саласын цифрландыру жұмыстары аясында есептеу, басқару және болжам жасай бағыттарына басымдық беріледі. Нәтижесінде биыл ұлттық ақпараттық жүйе іске қосылып, су қорының жағдайына бақылау жасау, қарғын су ықтималдығы мен құрғақшылық мәселелерін болжау мүмкіндігі қарастырылмақ. 3500 шақырымға жуық канал цифрландырылып, 2026 жылға дейін оңтүстік өңірлердегі он алты канал автоматты режимге көшірілетін болады. Өзге де өңірлерде жобалар әзірлену үстінде. Сәйкесінше, бұл жұмыстар су қорының есебін тура көрсетуге мүмкіндік береді.
Тағы бір күрмеуі толық шешілмеген мәселе – су саласындағы көлеңкелі бизнес. Осы ретте ведомство заңсыз әрекеттерге қатысты кешенді күрес жұмыстарын бастап, алдымен еліміздің су саласындағы салмақты жүйе – «Қазсушардың» филиалдарына қаржылық бақылау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған саладағы заңсыздықтарды жою және алдын алу жұмыстарын күшейтудің негізгі тетігі ретінде су ресурстарын басқару саласына тергеу енгізілмек. Одан бөлек, ел аумағындағы бассендік инспекторлар саны көбейіп, 250-ге жуықтады. Осылайша Қазақстанның әр аумағында инспекция құрылды.
Қазақстан Орталық Азиядағы ағын суды көп қолданатын елдерің бірі. Себебі елімізде ауыл шаруашылығы саласына айрықша басымдық берілген. Сондай-ақ, бұл көрсеткішке ел аумағындағы климат та өз әсерін тигізеді. Сондықтан бүгінде елімізде суды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен былтыр жаңа технология орнатылған егін алқабының көлемі 150 мың гектарға ұлғайып, 462,2 мың гектарға жеткізілген. Бұл әдістер су шығынын азайтып қана қоймай, өнім көлемін арттыруға ықпал етеді. Дегенмен, мұндай озық технологияны егістікке енгізуге барлық шаруаның шамасы жете бермейді. Осы ретте ел Үкіметі су үнемдеу технологиясына субсидия беру жүйесін қалыптастырды.
Кез келген саланы жандандыру үшін ғылым-білімнің де қажеттілігі ерекше. Осыған орай өткен жылы елімізде жаңа білім беру ордаларын құрып, сол арқылы су саласына серпін беру жұмыстары бастау алды. Мәселен, 2024 жылы Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылып, теңіз маңындағы өңірлердің экологиялық ахуалын зерттеу және су ресурсын тиімді пайдалану жолдарын анықтауға ықпалын тигізді. Әлі күнге дейін аталған институт Каспий теңізінің экологиялық жағдайын бақылауда ұстап, тың зерттеулер арқылы жаңа әдіс-тәсілдер қолдану мәселесін қарастырып жатыр. Одан бөлек елімізде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылған болатын. Аталған ЖОО-да су саласының және экология бағытының мамандары әзірленіп, маман тапшылығы проблемасы біртіндеп шешілмек. Биыл аталған университет базасына «Гидроэкология» мамандығы енгізіліп, су көздерінің ластануын анықтауға басымдық берілмек.
Сонымен қатар, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан мамандардың тәжірибесін молайту мақсатында көптеген іс-шара жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару саласына қатысты мамандықтар «Болашақ» бағарламасына енгізіліп, шетелде білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Одан бөлек, өзге де бағдарламалар шеңберінде500-ге жуық сала қызметкері біліктілігін арттырды. Су шаруашылығы саласының мамандарын ынталандыру әрі жас түлектерді салаға қызықтыру мақсатында саладағы жалақы да көбейтілді. Министрлік онға жуық жоғарғы оқу орнымен меморандум түзіп, студенттердің білім мен тәжірибені ұштастыруына мүмкіндік жасап жатыр.
Сондай-ақ, Қазақстандағы су шаруашылығы саласы бойынша білім беретін институттар шетелдік ЖОО-лармен байланыс орнатып, халықаралық тәжірибеге жол ашуда. Атап айтсақ Тараз қаласындағы өңірлік университет пен Өзбекстанның Ташкент қаласындағы ирригация инженерлері институты келісім жасады. Аталған келісім аясында студенттер «қос дипломды білім беру» бағдарламасы арқылы екі бірдей елдің дипломын ала алады. Одан бөлек, Нидерланды елімен арадағы тығыз қарым-қатынас аясында су ресурастары саласы бойынша ғылыми-практикалық сабақтар өткізіліп, отандық мамандардың білім-білігін арттыруға жағдай жасалды. Сондай-ақ, Қытай Халық Републикасымен келісім жасалып, биыл су ресурстары саласында еңбек ететін жүзден астам маман аспан асты елінде білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Бүгінде Қазақстан су ресурстары қауіпсіздігі бойынша орта сатыдағы елдер қатарынады. Нақтырақ айтсақ, Біріккен ұлттар ұйымының индексінде 61-ші орынға жайғасқан. Ал, ТәуелсізМемлекеттер Достастығы елдерінің арасында су саласына инвестиция тарту және сандық форматқа көшіру тұрғысынан алда тұр.
Жалпы, елімізде су үнемдеуге мүмккіндік беретін технологияларды енгізу, нысандарды автоматты режимге көшіру, халықаралық келісімдерді нығайту, су қорын зерделеу, су сапасын қамтамасыз ету бағыттарына басымдық берілген. Себебі су саласы мемлекеттік маңызы бар бағыт болып саналады.
Б.Мейірханұлы,