Қазақстан құрамасы EJOI 2026 олимпиадасында үш медаль және бір мақтау грамотасын иеленді

0
194

2026 жылғы 24-30 шілде аралығында Литва Республикасының Каунас қаласында Информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы (European Junior Olympiad in Informatics, EJOI 2026) өтті.


Қазақстан құрамасы EJOI 2026 олимпиадасында үш медаль және бір мақтау грамотасын иеленді
ERNUR.KZ. Білім додасына 25 елден 100-ден астам оқушы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль және 1 мақтау грамотасын иеленді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Олимпиада екі жарыс күнінен тұрды. Қатысушылар әртүрлі күрделілік деңгейіндегі алгоритмдік есептерді шешіп, білімдері мен практикалық дағдыларын сынға салды.

Қазақстан намысын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың «Информатика» пәнінен жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жасақталған ұлттық құрама қорғады: Еламан Алишер, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы – алтын медаль; Бельгимбаев Амир, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы – күміс медаль; Ермұханов Ислам, Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы – қола медаль; Жангелді Санжар, Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы – мақтау грамотасы.

Ұлттық құраманы Қазақстан құрамасының жетекшісі, Astana IT University Бағдарламалық инженерия мектебінің ACM жаттықтырушысы, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Темірлан Сатылханов және «EdLight Academy» білім беру орталығының информатика пәні бойынша жаттықтырушы-оқытушысы Арман Исаев дайындады.

2025 жылы Қазақстан құрамасы EJOI олимпиадасында 1 күміс және 3 қола медаль иеленген болатын. Биыл ұлттық құраманың қоржыны алтын медальмен толықты.

EJOI – 16 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына арналған информатика саласындағы ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. Ол дарынды оқушылардың бағдарламалау, алгоритмдеу және компьютерлік ғылымдар бағытындағы қабілеттерін дамытуға арналған.