​Қазақстан әуежайларында керосин арзандады

0
92

Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз – Аэро» компаниясының әуежай инфрақұрылымына, оның ішінде өңірлік әуежайларға тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етті.


​Қазақстан әуежайларында керосин арзандады

Фото: Көлік министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстан әуежайларында әуе керосинін өткізу бағасы тоннасына 1000 АҚШ долларына дейін төмендетілді, деп жазады inform.kz.

ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының халықаралық әуе хабтарын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, әуе керосині жеткізілімдерінің ашықтығын, тұрақтылығын және қолжетімді бағасын қамтамасыз ету үшін 2026 жылы ұлттық компания «ҚазМұнайГаз – Аэро» Алматы және Астана қалаларындағы ірі әуежайларда әуе компанияларын тікелей, яғни «қанатқа құю» тәсілімен жанармаймен қамтамасыз етуді бастады.
Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз – Аэро» компаниясының әуежай инфрақұрылымына, оның ішінде өңірлік әуежайларға тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларында әуе керосинін өткізу бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Жаңартылған баға бойынша Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, HungaryAirlines, Fly Meta әуе компаниялары жанармаймен қамтамасыз етілді.
«ҚазМұнайГаз – Аэро» делдалдарсыз әуе компанияларына тікелей жанармай құю көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты әуе керосинінің бағасы кезең-кезеңімен одан әрі де төмендейді деген үміт бар. Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары қызмет көрсететін көршілес мемлекеттерде әуе керосинінің бағасы тоннасына 1200–1300 АҚШ доллары аралығында. Сонымен қатар, Қазақстанның 17 әуежайында рейстер саны мен бағыттарға қойылатын шектеулерді алып тастайтын «ашық аспан» режимі қолданылады.
- Бұл режим шетелдік әуе компанияларына әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына және оның аумағы арқылы ұшуларды орындау құқығын береді. Аталған шаралар авиация саласында өңірлік көшбасшылықты нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді, - делінген хабарламада.