Қазақстан 6 сағат ұшатын дрон әзірлеуге кіріседі

0
119

Ғылым комитеті 2026–2028 жылдары жобаға 400 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.


Қазақстан 6 сағат ұшатын дрон әзірлеуге кіріседі

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қазақстандық ғалымдарға 6 сағатқа дейін әуеде бола алатын және 12–15 кг жүк көтеретін толық отандық көпмақсатты дрон жасау ұсынылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ақпарат министрлігінің Ғылым комитеті сайтында жарияланған №104 ғылыми-техникалық жобаға жалпы 400 млн теңге бөлу көзделген. Қаржы 3 жылға кезең-кезеңімен бағытталады: 2026 жылы – 116 млн, 2027 жылы – 168 млн, 2028 жылы – 116 млн теңге.

Жоба аясында дрон толықтай Қазақстанда әзірленуі тиіс. Ғалымдар мен инженерлер аппараттың конструкциясын жасап, прототипін құрастырып, оны сынақтан өткізеді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибе зерделеніп, заманауи модельдерге сүйене отырып техникалық шешімдер ұсынылады.

Министрлік мәліметінше, бастама елдің шетелдік дрондарға тәуелділігін азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қорғаныс өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Барлық технологиялық үдерістерді жергілікті базаға көшіру Қазақстанның қауіпсіздігі мен технологиялық дербестігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында ғылыми зерттеулер жарияланып, әдістемелік материалдар әзірленеді. Дронға қатысты интеллектуалдық меншік құқықтары тіркеледі. Жоба жаңа нарықтарды дамытуға, өнім сапасын арттыруға және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге серпін бермек.

Жаңа аппарат арнайы және құқық қорғау органдарының қажеттілігіне бейімделеді. Ол терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылда, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және өзге де ұлттық қауіпсіздік міндеттерінде қолданылуы мүмкін. Негізгі пайдаланушылар қатарында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ІІМ, ТЖМ, арнайы бөлімшелер мен әскери оқу орындары бар.

Қазіргі таңда Қазақстанда дрондар өндірісі жолға қойылғанымен, олардың ұшу уақыты шектеулі. Мәселен, «Шағала» дроны шамамен 2,5 сағат әуеде бола алады. Жаңа жоба орта класты аппараттарды жасауға мүмкіндік беріп, жеңіл модельдерден бір саты жоғары технологиялық деңгейге шығуды көздейді.