2025 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің электр және жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған 75 ірі жобаны жүзеге асыру үшін 210 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
ERNUR.KZ. Ауқымды бағдарламаның мақсаты — маңызды инфрақұрылымның тозуын айтарлықтай төмендету және миллиондаған қазақстандықтарды жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы іріктеу нәтижелерін Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин Power Central Asia + China аймақтық энергетикалық форумында жариялады.
Үкімет бекіткен Ұлттық жобаның негізгі мақсаты — энергетикалық активтердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету арқылы бүкіл жүйенің сенімділігін арттыру.
«Бұл — әрбір қазақстандық отбасының жайлы өмірі мен қауіпсіздігіне, кәсіпорындарымыздың үзіліссіз жұмысына және экономикамыздың тұрақты болашағына тікелей инвестиция. Біз үздік қаржы құралдарын тартып, отандық өндірушілерге басымдық береміз. Әрбір жұмсалған теңге Қазақстанның игілігіне жұмыс істеуі тиіс», — деп атап өтті Асылжан Мусин.
Бірінші жартыжылдық аясында келесі жобалар іріктелді:
- Электр желілерін жаңғыртуға бағытталған 47 жоба – 90 млрд теңге;
- Жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңартуға арналған 28 жоба – 120 млрд теңге.
Жоба аясында ұлттық экономиканы қолдауға ерекше назар аударылған. Электр энергетикасы саласындағы жаңа өндірістерді жергіліктендіру және отандық өнімдерді міндетті түрде пайдалану жаңа жұмыс орындарын құруға және қазақстандық біліктілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында стратегиялық маңызы бар нысандарды жүйелі түрде жаңғыртуды жалғастырады.