Қылмыстық топ мүшелері Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталды
фото: Polisia.kz
ERNUR.KZ. Алматыда бизнеске қысым көрестумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, деп жазады sputnik.kz.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топқа қатысы бар жеке күзет мекемесінің заңсыз әрекеті әшкереленіп, жолы кесілді.
Тергеу барысында олар ойын-сауық орындарының басшылары мен қызметкерлеріне физикалық және моральдық қысым көрсетіп, заңсыз әрекеттер жасағаны анықталды. Қылмыстық топ мұны шағын және орта бизнес нысандарын толық бақылауға алу мақсатында орындаған. Кейіннен олар кәсіпкерлік нысандарын күшпен басып алып, сол жерлерде "қауіпсіздік" қызметін жүзеге асырған.
"Қылмыстық топ мүшелері Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталды. Барлығы қылмыстық топтың 20 мүшесі құрықталды. 40-тан астам тінту жүргізіліп, жеті атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде үш кесілген мылтық, Макаров тапаншасы, Калашников автоматы және 100-ден астам оқ-дәрі алынды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, өз бетінше билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық істер тергелуде.
Топтың жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Фигуранттардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.