Қарағандыда зейнеткер көршісі туралы жалған қауесет таратқаны үшін жазаланды

0
80

​Қала тұрғыны көршісі өзі туралы жалған ақпарат таратқанын айтып, полицияға шағымданған.


Қарағандыда зейнеткер көршісі туралы жалған қауесет таратқаны үшін жазаланды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қарағандыда 66 жастағы әйел көршісі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылды. Бұған қаланың 34 жастағы тұрғынының полицияға берген арызы себеп болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Арызданушы полицияға көршісінің өзі туралы жалған мәлімет таратып жүргенін айтқан. Учаскелік инспектор үй тұрғындарынан жауап алған. Бірнеше адам әйел туралы қауесетті естігенін растап, оның таралуына 66 жастағы көршісінің себеп болғанын көрсеткен.

Полиция бөлімінде зейнеткер арызданушы туралы ақпарат таратқанын мойындады. Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот оны басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныды.

Іс қаралғаннан кейін арызданушы учаскелік инспекторға алғыс айтып, полиция департаментінің басшылығына оған сыйақы беру туралы өтінішпен хат жолдаған. Сот зейнеткерге нақты қандай жаза тағайындағаны полиция хабарламасында көрсетілмеген.