Ақтауда толассыз жауған жаңбырдан кейін көшелерді су басты

0
111

Қалада бірнеше күннен бері толассыз жауған жаңбырдан соң 11 аумақ су астында қалды.


Ақтауда толассыз жауған жаңбырдан кейін көшелерді су басты

Фото: lada.kz

ERNUR.KZ. Қала әкімдігінің мәліметінше, 7 қарашадан бері жауған жауын-шашын салдарынан көшелер мен жолдарда көп мөлшерде су жиналған. Оны сорып шығаруға 20-ға жуық арнайы техника мен 50 жұмысшы жұмылдырылды, деп жазады inbusiness.kz.

Күндізгі және түнгі ауысым барысында шамамен 10 мың текше метр су сорылған.

Су басу салдарын жою жұмыстары 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, 31-шағынаудандағы "Хазар" базарының маңында, сондай-ақ 29 және 29А, 13 және 15, 11 және 14-шағынаудандарының аралығында жүргізілген.

Жұмысқа коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйым өкілдері тартылған.

Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жолдарды күтіп ұстауға жауапты Green City Aktau ЖШС директорының жұмысын сынға алды. Ол мердігер ұйымға арнайы техниканың санын көбейтіп, қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.

Әкімдік мәліметінше, көшелердегі суды сорып шығару және жолдарды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.