Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту жалғасуда

0
117

Қарағанды облысында тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.


Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту жалғасуда

ERNUR.KZ. Балқашта ауданаралық медициналық хаб құрылуда. Медициналық нысандарды жаңғыртуға қаражат активтерді қайтару аясында арнайы мемлекеттік қордан бөлінді, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Балқаш көпсалалы ауруханасында заманауи ангиографиялық кешен іске қосылды. Жоғары технологиялы жабдық өңірдегі кардиологиялық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Балқаш қаласының тарихында алғаш рет жүрек пен қан тамырларына операция жасау қолға алынбақ.

Есеп бойынша, жаңа бөлімше жылына 150 мыңға дейін адамға қызмет көрсете алады. Балқаш өңірінің тұрғындары енді білікті мамандардың көмегін облыс орталықтарына шұғыл жеткізусіз-ақ өз өңірінде ала алады. Бұл әсіресе миокард инфаркті кезінде аса маңызды, себебі мұндай сәтте әр минут адамның өміріне әсер етеді. «Алтын сағат» қағидатын сақтау науқастың аман қалу және сауығып кету мүмкіндігін арттырады.

Әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталған қосымша корпус салынды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Операциялық блокты салу кезінде таза бөлмелер кешені қарастырылды. Ауаны залалсыздандыратын сүзгілері бар арнайы желдету жүйесі орнатылды. Сондай-ақ білікті мамандар тобы жасақталды.

Балқашта бүгінде 70 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан қалалық емхананы қайта жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Ғимараттың ішкі бөлмелері мен инженерлік желілері толық жаңартылады. Жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған.