Балқашта бір апта іздеген балықшының денесі табылды

0
192

Қайғылы оқиға 26 қыркүйекте Тасарал ауылынан шамамен 20 шақырым жерде болған.


Балқашта бір апта іздеген балықшының денесі табылды

Фото: Павлодар облысы ТЖД

ERNUR.KZ. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, қатты жел мен биік толқын құтқарушылардың жұмысын қиындатты. Ер адамның денесі су айдынын балық аулайтын аумен тексеру кезінде ғана табылды, деп жазады inform.kz.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Балқаш көлінде балық аулау кезінде суға батып кеткен 1970 жылы туған ер адамды іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.

Қайғылы оқиға 26 қыркүйекте Тасарал ауылынан шамамен 20 шақырым жерде болған. Ер адамның суға батып кеткені туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді.

Бірнеше күн бойы жедел-құтқару жасағының мамандары сүңгуірлік жабдықтар мен «ГНОМ» суасты қашықтан басқарылатын бақылау кешенін пайдалана отырып, көл айдынын тексерді. Іздеу жұмыстары күндіз жүргізілді.

Марқұмның денесі балық аулайтын ау арқылы жағалаудан 2,5 шақырым қашықтықта, 4–5 метр тереңдіктен табылды. Мәйіт судан шығарылды.

— Іздеу жұмыстарына қолайсыз ауа райы, атап айтқанда қатты жел мен биік толқын кедергі келтірді. Мұндай жағдайда сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу және су айдынын толық тексеру едәуір қиындайды. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға және ауа райы қолайсыз кезде су айдындарына шықпауға шақырады, — деп хабарлады Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқарушылар балықшыларға суға шыққан кезде құтқару кеудешесін киюді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды еске салды.
Бұған дейін ШҚО-да биыл балық аулап жүрген 6 адам суға батып кеткенін хабарлаған болтынбыз.