Білімсіз коучтардың дәурені өтті ме: Қазақстанда психологтарға қойылатын жаңа талап бекітілді

0
154

Онда мамандардың біліктілігі мен құзыретіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген.


Білімсіз коучтардың дәурені өтті ме: Қазақстанда психологтарға қойылатын жаңа талап бекітілді

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Елімізде психолог мамандарына қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіби стандарт бекітілді. Онда мамандардың біліктілігі мен құзыретіне қойылатын бірыңғай талаптар, кәсіби даярлығы, сол сияқты балалар психологы, спорт психологы және жеке практикадағы мамандарға арналған біліктілік деңгейлері айқындалған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министрлік бекіткен кәсіби стандарт бойынша психолог жұмысының негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға талаптарға сай және ғылыми негізделген көмек көрсету. Бұл үшін психологтар психологиялық диагностика жүргізіп, кеңес береді, түзету және оңалту жүргізеді. Сонымен қатар абилитация, психопрофилактика және психологиялық ағарту әдістері қолданылады.

Осы жұмыстардың барлығы адамның психологиялық жағдайын сақтауға және жақсартуға, оның қоршаған ортаға бейімделуіне және өмір сүруін жеңілдетуге бағытталған.

Кәсіби стандарт мына мақсатта қолданылады:

  • психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу. Бұл талаптар маманның білімі мен кәсіби деңгейін, психологиялық қызметтің негізгі бағыттары мен қолданылатын салаларын белгілейді. Сондай-ақ психологиялық көмек көрсету әдістерін қолдану үшін психологқа қажет құзыреттерді сипаттау;
  • психологтарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу, олардың біліктілігі, құзыреттері және кәсіби даярлығының талаптарға сәйкестігін бағалау;
  • психологтарды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеу;
  • психологиялық қызмет саласында психологтардың біліктілігін растау және сертификаттау;
  • білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында, сондай-ақ жеке психологиялық практикамен айналысатын психологтарды оқыту мен супервизиядан өткізуге қойылатын талаптарды қалыптастыру.

Кәсіби стандарт мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы қатынастарға және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңмен белгіленетін психологиялық көмекке қолданылмайды.

Мамандық карталарының тізімі:

  • балалар психологы – салалық біліктілік шеңбері (СБШ) 6-деңгейі;
  • «арнайы психопедагогика» мамандығы бойынша психолог – СБШ-ның 6-деңгейі;
  • жеке практикадағы психолог – СБШ-ның 6-деңгейі;
  • спорт психологы – СБШ-ның 6-деңгейі.

Стандартта мына мәліметтер көрсетіледі:

  • қажетті білім деңгейі;
  • жұмыс өтіліне қойылатын талаптар;
  • бейресми және информалды білім берумен байланысы;
  • қызметтің негізгі мақсаты;
  • еңбек функциялары мен дағдыларының тізбесі.

Бұйрық 13 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.