​Инемен емделемін деп өкпесі тесілді: ШҚО-да шипажайға қатысты тексеру басталды

0
74

Оқиға Выдриха ауылында орналасқан «Уба» санаторийінде болған.


​Инемен емделемін деп өкпесі тесілді: ШҚО-да шипажайға қатысты тексеру басталды
Фото: Freepik
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес шығыс медицинасымен емделген 72 жастағы зейнеткердің өкпесі тесілуіне байланысты шипажайға қатысты тексеру басталды, деп жазады inform.kz.

Оқиға Выдриха ауылында орналасқан «Уба» санаторийінде болған. Зардап шеккен әйелдің қызының айтуынша, акупунктура сеансы кезінде анасы кенеттен қатты ауырсынуды сезінген. Алайда процедура жүргізген дәрігер бұл жағдайды асқыну деп бағаламай, науқасты жібере салған.

Рентгенологиялық тексеру барысында науқастың өкпесі тесіліп, пневмоторакс пайда болғаны анықталған. Зейнеткер шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер плевралық пункция жасап, өкпеден шамамен 1,5 литр ауа шығарған.
Жағдайға байланысты ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан түсініктеме берді.
— «Уба» шипажайында физиотерапия, массаж, парафинмен емдеу, ингаляция, гальваникалық ванна, фитотерапия, циркулярлы душ, парафитобөшке, балшықпен емдеу, емдік дене шынықтыру, галотерапия, шунгитотерапия және тұзды ванналар қызметтері көрсетіледі. Ал инемен емдеу шипажай ұсынатын кепілдендірілген қызметтер тізбесіне кірмейді. Болған жағдайға байланысты басқарма тарапынан қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі тарапынан да процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес шығыс медицинасымен емделген 72 жастағы зейнеткердің өкпесі тесілгені хабарланған.