Қызылша қантының өндірісі 2023 жылмен салыстырғанда 62%-ға артып, 68,2 мың тонна өнім өндірілді.
ERNUR.KZ. Алайда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталуда. Қазір бұл құс еті бойынша қамту 73%, шұжық өнімдері 60%, балық 68%, сыр мен ірімшік 57%, қант 42%-ды құрайды. Аталған тауарлар бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Мысалы, шаруаларға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылып, сүт-тауарлы фермаларын, қайта өңдеу кәсіпорындарын, құс фабрикаларын салу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.
«2027 жылға дейін жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 915 млрд теңгеге 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған. Қант саласындағы жағдайға жеке тоқтала кеткен жөн. Өздеріңізге белгілі, еліміздің қайта өңдеу зауыттары екі түрлі шикізатпен жұмыс істейді: импортталатын қант құрағы және Қазақстанда өсірілетін қант қызылшасы. Өткен жылы қант қызылшасы өндірісі бойынша рекордтық көлем – 1,2 млн тонна шикізат қайта өңдеуге қабылданып, бұл қызылша қанты өндірісінің 62%-ға өсуіне ықпал етті», – деді спикер.
Қазіргі зауыттардың өндірістік қуаттылығы қазақстандық фермерлер өндіріп жатқан мол өнімді уақытылы қабылдап, өңдеуге толық мүмкіндік бермей отыр. Осылайша, 2025–2026 жылдары қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Қөксу қант зауыты» ЖШС-нің қуаттылығын 105 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Алматы облысында қуаттылығы 500 мың тонна болатын қант зауытын салу бойынша араб инвесторымен келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Жамбыл облысында қуаттылығы 130 мың тонна болатын зауыт салу жобасына инвесторлар ынта білдіріп отыр. Жаңа өңдеу қуаттарының іске қосылуын ескере отырып, Қазақстанда қант қызылшасынан өндірілетін қант көлемі айтарлықтай артатын болады.