Еуропа құрлығы жылдам жылып барады

0
146

Мұнда сынап бағаны әлемдегі орташа деңгеймен салыстырғанда шамамен екі есе тез көтеріліп барады.


Фото: unn.ua

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрлық елдеріне қалаларды климаттың өзгеруіне бейімдеуді ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Қазір күннің қалыптан тыс ысуы адам түгіл, аң-құсқа да оңай болмай тұр. Биыл Ұлыбританияда кейінгі 30 жылдағы ең ұзақ ыстық кезең тіркелді. Біріккен Корольдікте ауа температурасы 13 күн қатарынан 30 градус Цельсийден жоғары болды.

Ұлыбританиядағы үй шаруашылықтарының небәрі 14 пайызы ғана кондиционермен қамтамасыз етілген. Ал Лондон метросындағы 11 желінің тек төртеуінде ғана кондиционері бар вагондар қатынайды.

Associated Press мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде аптап ыстық 1300-ден астам мектеп, 60 аурухана және 350-ден астам қарттар үйінің қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.

Нидерланд аптап ыстықтың кесірінен су тапшылығына тап болды. Елдегі Ваал өзенінің Меертье сағасы тартылып жатыр. Ал бұл аймақта су үстіне салынған үйлер көп. Енді мұнда қайықтардың өтуі қиындап, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып отыр. Дегенмен, ерекше үйлер су деңгейімен бірге көтеріліп, түседі. Олар жерге орнатылған болат діңгектерге бекітіледі. Мұндай баспаналар бетон негіздің арқасында суда қалқып тұрады. Тұрғындар өзен деңгейі жыл сайын төмендейтінін айтады. Тек биыл мерзімінен ерте тартыла бастаған. Өйткені, кейінгі апталарда жаңбыр жаумады.

Мажарстанда қуаңшылық байқалады. Ел билігі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне кіретін Хортобадь ұлттық паркінің аумағына су бұрып жатыр. Осылайша мұндағы батпақтардың құрғап кетуіне тосқауыл қоймақ. Туристердің сүйікті орнына айналған Пуста тау тізбегі сулы-батпақты алқаптарымен танымал. Соның бірі "Фекете рет" деп аталады. Елдің шығысында орналасқан бұл мекенге ондаған мың жыл құсы аялдайды. Африкаға ұшпас бұрын күзге дейін осында ұя салып, көбейеді. Алғаш рет бұл аумақ 2013 жылы, ал кейін 2022 жылы қатты қуаңшылық кезінде құрғап кетті.

Климаттың өзгеруі құстардың қалыпты тіршілігіне әсер етпей қоймады. Құстардың көктемгі және күзгі миграциясы ерте басталатын болған.