ЕсoQolday бағдарламасы аясында 77 шарт жасалды

0
62

​Қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөніндегі ЕсoQolday бағдарламасы 2024 жылы қайта іске қосылды.


ЕсoQolday бағдарламасы аясында 77 шарт жасалды

ERNUR.KZ. Бағдарламасы аясында қаптаманың/автокомпоненттердің қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша кәсіпорындармен 77 шарт жасалды. «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

«Мәселен, 2024 жылы 11 мың тонна қалдық қайта өңделсе, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында – 41 мың тонна қалдық өңделді, яғни қайта өңдеу көлемі 4 есеге артты. Бүгінгі таңда қайта өңдеуге бағытталған қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 52 мың тоннаны құрады», – деді спикер.

2024 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет қалдықтарды басқару саласына 185 млрд теңге бөлінді. Тұрмыстық қатты қалдықтар жобалары бойынша қазір жалпы сомасы 299 млрд теңгеге 61 жоба ұсынылды, бұл бөлінген қаржыландыру көлемінен 2 есе артық. Кәсіпкерлер тарапынан мұндай белсенділік бизнестің зор ынтасын көрсетуде. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруға арналған инфрақұрылым қалыптасады, ол қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесін ағымдағы 25%-дан 40%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Тұрмыстық қатты қалдықтар инфрақұрылымын салу арқасында 5,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

Бүгінгі таңда осы саладағы 25 нақты инвестор 93,7 млрд теңге алды. Қаржыландырылған жобалар шеңберінде 112 қоқыс таситын көлік және жылына жалпы қуаты 490 мың тонна қалдықты сұрыптайтын 4 сұрыптау желісі сатып алынды. Сондай-ақ жалпы қуаттылығы жылына 395 мың тоннаны құрайтын 14 қалдықты қайта өңдеу зауыты пайдалануға берілетін болады.

Алдағы уақытта осындай жобаларға тағы 100 млрд теңге бағытталатын болады. Қаражат қайтарымды негізде беріледі.