Ерболат Досаев "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды

0
112

Қазір “Самұрық-Қазына” АҚ директорлар кеңесінің 8 мүшесі бар, оның 4-уі – тәуелсіз директор.


Ерболат Досаев

Ерболат Досаев Фото: sk.kz/about-fund

ERNUR.KZ. Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің мүшесі болды, деп жазады stan.kz.
“Самұрық-Қазына” қорының мәліметінше, Үкіметтің 2025 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Досаев Ерболат Асқарұлы “Самұрық-Қазына” АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Ол бұл қызметті Президент Әкімшілігіндегі негізгі жұмысымен қатар алып жүреді.
Қазір “Самұрық-Қазына” АҚ директорлар кеңесінің 8 мүшесі бар, оның 4-уі – тәуелсіз директор. Бұл корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелеріне сай келеді және стратегиялық шешімдерді тиімді қабылдауды қамтамасыз етеді.
Кептеліс пен "смог" мәселесін шешпеді, жаңа жолдарға қайта асфальт төседі: Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінде несімен есте қалды
"Самұрық-Қазына" компаниялар тобы 1,4 триллион теңге дивиденд алды
Ерболат Досаев — Республикалық физика-математика мектебінің түлегі, 1993 жылы Алматы энергетика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын жеке компанияларда бастаған. 1997 жылы "Акцепт" корпорациясының бас директоры қызметіне тағайындалды. Кейін "Банк Туран-Алем" басқарма төрағасының орынбасары және "Алматинский торгово-финансовый банк" басқарма төрағасы болды.
1998 жылы Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалып, кейін Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болды. 2000 жылы еліміздің Қаржы вице-министрі қызметін атқарды.
2001 жылғы мамырдан 2002 жылғы наурызға дейін Ерболат Досаев Қазақстан Даму Банкінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2001 жылғы қарашада ол Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.
2003 жылғы маусымда Ерболат Досаев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметіне тағайындалып, 2004 жылғы сәуірде Денсаулық сақтау министрі болды.
2006–2012 жылдар аралығында ол "КазИнвестБанк" директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2012 жылғы қыркүйектен бастап Экономикалық даму және сауда министрі (кейінірек Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі) болды. 2014 жылғы 6 тамызда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 2016 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басшысы болды. 2017 жылғы 29 тамызда Премьер-министрдің орынбасары қызметіне кірісті. 2019 жылғы 25 ақпаннан 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарды.
Еске салайық, Досаев 2022 жылдың 31 қаңтарында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған еді.