Жігіттің еміне мемлекет көмектескен.
Фото: Instagram/erbayan2024
ERNUR.KZ. Бүгін таңғы сағат бес кезінде Ербаян ата-анасымен бірге Ыстамбулға ұшып кетті. Бұл жолы ол Түркияда толық реабилитация курсын қабылдайды. Бұл кезең жас бала үшін шешуші сәт болып отыр. Бұл жайлы отбасының заңгері Инга Иманбай жазды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Соңғы бір жыл ішінде Ербаян бүкіл халықтың сүйікті баласына айналды. Егер алғашқы операция мен ем халықтың жаппай қолдауымен жүзеге асса, бұл жолы үлкен үлесті мемлекет қосты. Соның ішінде, портал арқылы үш айлық қымбат әрі аса маңызды реабилитацияға қаржы бөлінді. Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі ұшақ ұсынды. Ербаянның ата-анасы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен генерал Қайрат Үмбетовке көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді», - деп жазды Инга Иманбай.
Оның айтуынша, алдағы үш ай – Ербаянды аяғынан тұрғызуға жақындататын маңызды уақыт. Халықтан жиналған алғашқы қаражаттан қалған бөлігі кейінгі емдеуді жалғастыруға жұмсалмақ.
«Толық қалпына келу үшін қанша уақыт қажет болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, халықтың қолдауымен, ата-анасының қажырлы еңбегімен және Алланың қалауымен бұл күнге жетеміз деген сенім мол», - деді ол.
Естеріңізге салайық, Ұлттық ұлан өкілдері әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Ербаян Мұхтар дәретханада құлап қалып, жарақат алғанын мәлімдеген еді. Алайда жігіттің ата-анасы бұған сенбейді. Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға түскен, оған 5 рет ота жасалды. Осы жылдың басында ол Түркияда емнің бірінші кезеңін аяқтап, елге оралған.