Энергетика министрлігінің өкілі өткен жылыту маусымының қорытындыларын жариялады

0
87

Алдағы уақытта рейтингті жақсарту үшін бағалау жүйесін өзгерту жоспарда бар.


Энергетика министрлігінің өкілі өткен жылыту маусымының қорытындыларын жариялады

ERNUR.KZ. 2025-26 жж. жылыту маусымы қалыпты деңгейде өтті. Бұл – қажетті жөндеу жұмыстары мен тиімді бақылау шараларының нәтижесі. Жөндеу науқаны аясында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станция жөнделіп, 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Мұны ҚР ЭМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, былтырғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша электр станцияларында тозу деңгейінің 53%-ға дейін, электр желілерінде 66,2%-ға дейін жылу желілерінде 50%-ға дейін төмендегені тіркелді.

«2025 жылғы желтоқсанда электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіші 17 273 МВт деңгейіне жетті. Маңызды көрсеткіштердің бірі – жылу көздерінің температураның сақтамауы 3 есе қысқаруы. Егер өткен жылыту кезеңінде мұндай 65 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 21-ге дейін азайды. Электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар 12%-ға, ал электр станциялар бойынша 15%-ға қысқарды. Барлық технологиялық бұзушылық бойынша тиісті тексерулер жүргізіліп, мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша нақты ұсынымдар берілді», – деді спикер.

Ол жылу электр орталықтарының жай-күйі бойынша рейтингтік нәтижелердің жақсарғанын атап өтті. 5 орталық қызыл аймақтан сарыға, үшеуі сары аймақтан жасылға өтті. Қазір 37 орталықтың 5-і қызыл аймақта, 19-ы сары аймақта, 13-і жасыл аймақта орналасқан.

Алдағы уақытта рейтингті жақсарту үшін бағалау жүйесін өзгерту жоспарда бар. Атап айтқанда, отын шығыны, орнатылған және қолжетімді қуаттар арасындағы алшақтық, жылу жүйелерінің жеткіліксіз қызуы, технологиялық бұзушылыққа дейінгі жұмыс уақыты және т.б. көрсеткіштер қарастырылмақ. Рейтингті қалыптастыру барысында ЖИ технологиясын қолдану көзделіп отыр. Жаңа көрсеткіштер энергия нысандарының жағдайын неғұрлым объективті түрде бағалауға, тәуекелді ерте анықтауға және қолданыстағы жабдықтарды қауіпті деңгейге жеткізуге қатысты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.