Жастардың азаматтық белсенділігі Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға қатысуынан көрінеді.
ERNUR.KZ. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 7 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 миллионнан астам жас қазақстандық қатысты. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жастардың азаматтық белсенділігі Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға қатысуынан көрінеді.
Бүгінде елімізде жүздеген жастар ұйымы мен 300 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді. Жастардың белсенділігі әсіресе «Таза Қазақстан» бастамасы аясында айқын байқалады. Мұнда патриотизм құр сөзбен емес, өз ауласына, көшесіне, қаласы мен еліне деген нақты жауапкершілік арқылы көрініс табады.
Бұл бағытта «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» негізгі құндылықтарын ілгерілету, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарды дәріптеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Осы жұмыстың маңызды бөлігі - білімді, еңбекқор, заңға бағынатын және қоғамға бейжай қарамайтын азаматтың бейнесін қалыптастыратын «Адал азамат» идеологиясын ілгерілету. Жыл басынан бері осы бағыт аясында 4 мыңға жуық іс-шара өткізілді.
«Бұл жерде принципті тұрғыдан маңызды бір жайтты атап өткім келеді. Жастар саясатының тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, атқарылған жұмыстың сапасымен және оның түпкі нәтижесімен өлшенеді: жас адам білім алды ма, жұмысқа орналаса алды ма, қажетті көмекке қол жеткізді ме және оның пікірі ескерілді ме», – деп қорытындылады Евгений Кочетов.


