Еліміздің өңірлерінде су тасқынына дайындық шаралары жалғасуда

0
71

Абай облысында Ертіс өзенінде мұз кептелісінің алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары жүргізілді.


Еліміздің өңірлерінде су тасқынына дайындық шаралары жалғасуда

ERNUR.KZ. Еліміздің өңірлерінде су тасқыны қаупін азайтуға, мұз кептелісінің алдын алуға және тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді алдын алу шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Абай облысында Ертіс өзенінде мұз кептелісінің алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Іс-шаралар 9 360 шаршы метр алаңда орындалып, көктемгі сең жүру кезеңінде мұз массасының еркін өтуін қамтамасыз ету үшін мұз жамылғысын әлсіретуге бағытталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарды жүргізуге өңірлік ТЖД, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары тартылды.

Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдары 1,13 млн текше метр қарды шығарып, 256,5 мың қап, 33,3 мың тонна инертті материал және 262,8 тонна жанар-жағармай қорын дайындады. Облыс аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы өтіп жатыр. Аумақтарды қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 359 аз қозғалатын азаматтар мен көпбалалы отбасылардың ауласындағы қарды шығаруға көмек көрсетілді. 422 су өткізу құрылғысы, 11 дренажды-жаңбыр су жинау жүйесі және 6016 арық тазартылды. Жұмыстарға ТЖД бөлімшелері, волонтерлер және басқа ұйымдар тартылды. Мұз кептелісінің алдын алу мақсатында 19 өзеннің 94 қауіпті учаскесінде және бір көлде жалпы ауданы 16 мыңнан астам шаршы метр мұз жару жұмыстары жоспарланған.

Ақтөбе облысында су қоймаларындағы мұз жамылғысын әлсірету бойынша іс-шаралар жалғасуда. Алдын алу мақсатында мұз кептелісінің алдын алу және тасқын судың еркін өтуін қамтамасыз ету үшін бақылаулы жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар Ойыл ауданында Ойыл өзенінің екі учаскесінде орындалды. Өңделген аумақтың жалпы ауданы 1 500 шаршы метрді құрады.

Алматы облысы аумағында судың деңгейін үздіксіз бақылау мақсатында жалпы 42 гидробекет орнатылды. Қапшағай, Құрты, Бартоғай және Бестөбе сияқты облыстың ірі су қоймалары қалыпты режимде толығуда. Жыл басынан бері 57 км арық желісі, 37 км каналдар, автомобиль жолдары мен темір жолдардағы 48 су өткізгіш құбыр тазартылды. Алдын алу шаралары аясында ТЖД қызметкерлері 64 елді мекенді қамтып, 57 рейд өткізді. 130 дана мотопомпа, 36 су көлігі, 70 мың қап, 4,1 мың тонна инертті материал және 156 тонна жанар-жағармай қоры резерв ретінде қалыптастырылды.

Шығыс Қазақстанда өзендерде мұзды ұсақтау жұмыстары басталды. Шемонаиха ауданында Усть-Таловка ауылы маңында Оба өзеніндегі теміржол көпірі аймағында мұз жару жұмыстары жүргізіліп, өңделген аумақ 8 208 шаршы метрді құрады. Аталмыш ауданда жарылыс жүргізілген жерлердегі мұз қалыңдығы 50 сантиметрді құрайды.

Жамбыл облысының Жуалы ауданында Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының жағдайын әуеден визуалды тексеру жұмыстары жүргізілді, бұл іс-шара елді мекендерді мүмкін болатын тасқын және беткей судан қорғауға бағытталған.

Батыс Қазақстан облысында 7 мыңнан астам тонна инертті материал және 358 мың қап дайындалды, оның 68 мыңы инертті материалмен толтырылған. Орал қаласында және Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек, Сырым, Тасқала аудандарында Шаған, Деркөл, Жақсыбай және Өлеңті өзендерінде мұз кептелісінің алдын алу мақсатында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 23 мыңнан астам шаршы метрді құрайды. Мұз кептелісінің алдын алу үшін жедел-құтқару жасақтары облыстағы су қоймаларда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізуде. Арнайы құрылғы арқылы құтқарушылар мұзды кесіп, оны босатады. Елді мекендер мен көпірлер маңындағы учаскелерге, сондай-ақ өзен арнасының тар және иірім бөліктеріне ерекше назар аударылған, мұнда еріген судың еркін ағуына кедергілер жиі туындайды. Қазіргі таңда Шаған және Деркөл өзендерінде жұмыстар Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында аяқталды. Өңделген мұз жамылғысының жалпы ауданы 75 мың шаршы метрден астамды құрайды.