Елімізде дрондарды меңгеретін мамандар даярлайтын әскери мектеп ашылды

0
115

300-ден астам курсант FPV-дрондарын меңгеруге кірісті.


Елімізде дрондарды меңгеретін мамандар даярлайтын әскери мектеп ашылды

© Photo : Минобороны Казахстана

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшу мамандарын даярлайтын әскери мектеп ашылғанын хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын аяқтағалы жатқан 300-ден астам курсант FPV-дрондарын меңгеруге кірісті.
Енді әскери институт курсанттары мектептің тәжірибелі оқытушыларының жетекшілігімен бүгінде соғыс әрекеттерінің сипатын айтарлықтай өзгерткен ұшу аппараттарын басқаруды меңгере алады.
Болашақ офицерлер кешендердің сипаттамаларын, құрылысын, қолдану ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін, сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары мен әртүрлі жағдайда қолдану ерекшеліктерін үйренеді.
"Қазіргі заман технологияларын меңгеру арқылы курсанттар бүгінгі күні көптеген салада кеңінен қолданылатын ұшу аппараттарымен жұмыс істеуге практикалық тұрғыда дағдыланады", – деді әскери мектептің бастығы Данияр Ділдабаев.
Сонымен бірге компьютерлік симуляторлардағы сабақтарға да ерекше көңіл бөлінбек. Онда курсанттар ұшу тапсырмаларын орындайды, төтенше жағдайда техника мен жеке құрамға қауіп төндірмей әрекет етуге машықтанады.


"Практикалық дайындық жергілікті жердегі нақты ұшуларды, кедергілер арасында маневр жасауды, бақылау жүргізуді және басқа да оқу тапсырмаларын қамтиды. Мектепте FPV-дрондарға арнайы дрон-трасса салынған. Онда алдағы уақытта курсанттар арасында жарыс өткізу жоспарда бар", - делінген министрлік хабарламасында.


Тағы бір айта кететіні, мектеп нұсқаушылары дрондардың бәрін, шағын FPV-ден бастап орташа өлшемді "камикадзе" дрондарға дейін, бөлшектерінен өздері жинайды. Курсанттарға да сол дағдыны үйретуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда 300-ден аса оқуды аяқтаушы курсант факультатив түріндегі оқытуды меңгеруде. Келесі оқу жылынан бастап ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгеруді қалағандардың бәрі оқи алады.