Бұл бағыттың үлесі жалпы туризм саласы нарығының төрттен біріне жеткен.
фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
Соңғы кездері дүниежүзілік туризм саласында «экотуризм» бағыты ерекше қарқынмен алға жылжып келеді. Тіпті, кейінгі бірнеше жылдың ішінде бұл бағыттың үлесі жалпы туризм саласы нарығының төрттен біріне жеткен. Сондай-ақ, әлемдік қауымдастықтардың мәліметіне сүйенсек, экотуризмді таңдайтын туристер саны әр жыл сайын жиырма пайызға көбейіп келе жатыр екен. Яғни, қазір бүкіл әлемде дәстүрлі туризмді емес, табиғат аясындағы демалысты қалайтын және табиғатты қорғауға ниетті азаматтар қатары қалыңдап келе жатыр деген сөз. Тиісінше, экотуризм саласының бұлай дамуы экологиялық мәдениеттің көтерілуіне және табиғи аймақтарды қорғауға септігін тигізіп келеді. Бұдан бөлек, экотуризмнің дамуына ғылыми орта да өзіндік үлестерін қосып, жаңа технологиялар табиғат аясында жайлы демалуға мүмкіндік беретін жүйелерді көптеп жасақтау үстінде.
Бізді қуантатыны – Қазақстанда да экологиялық туризмнің ілгерілеп келе жатқандығы. Бұл оңды өзгерістерге ел азаматтарының белсенділігі мен мемлекет билігінің аталған салаға айрықша назар салуы ерекше серпін сыйлап жатыр. Атап өтер болсақ, жергілікті тұрғындар Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Алакөл, Қайыңдыкөл сынды табиғи нысандарға қызығушылық танытып қана қоймай, ол жерлерді түрлі зардаптардан қорғауға атсалысып келеді. Ал, туризм саласын дамытуға жауап беретін Туризм және спорт министрлігі тарапынан экологиялық туризмге лайықталған маршруттарды түзу және саланы дамыту мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінге дейін экотуризм бағытына жататын орындарда жалпы ұзындығы 750 шақырымды құрайтын маршрут жайлы әрі қауіпсіз жағдайға келтірілген. Алдағы уақытта мұндай маршруттардың көлемі мың шақырымға жеткізілмек. Биылғы жылдың өзінде 9 экотуристік соқпақты туристер игілігіне қолданысқа беру жоспарланып отыр екен.
Тағы бір атап өтетін ақпарат – Қазақстан аумағындағы ұлттық табиғи аумақтардағы қажетті инфрақұрылымның жетілдіріліп, жаңа нысандардың салынып жатқандығы. Мысалы, осы уақытқа дейін ұлттық парктер аумағында он бес глэмпинг пен визит-орталық іске қосылған. Атап айтқанда Алматы қаласында: Аюсай, Медеу, Горельник; Алматы облысында: Шарын, Батан, Түргенсай; Жетісу облысында: Алтын-Емел, Тополевка; Ақмола өңірінде: Зеренді, Бурабай, Қорғалжын; ШҚО-да: Өскемен және Қатонқарағай; Маңғыстауда: Сартас; Атырауда: Сарайшық нысандары жұмыс істеп тұр. Сәйкесінше, бұл нысандар бүгінде саяхатшылардың жайлы әрі қауіпсіз демалыс жасауына мүмкіндік сыйлап отыр.
Жуырда ҚР Туризм және спорт министрлігі экологиялық туризмді дамыту саласы бойынша ресми ақпарат жариялаған болатын. Ведомствоның сол хабарламасында Kazakh Tourism ұлттық компаниясының бірнеше жылдан бері атқарып келе жатқан жұмыстары баяндалды. Ақпаратқа сүйенсек, аталмыш компания соңғы 5-6 жыл көлемінде ауыл тұрғындары үшін қонақүй ашып, оның жұмысын жүргізу қызметі бойынша білім берумен үздіксіз айналысып келеді. Осылайша Қазақстанның он өңірінде 500-ге жуық азаматқа экологиялық туризм саласын дамыту, сапалы қызмет көрсету, табысты кәсіп жүйесін құру, бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан қарастырылған көмектерді алу бойынша білім берген.
Осы ретте алдағы сәуір айында елордада «Regional Ecological Summit 2026» (RES 2026) деп аталатын өңірлік экологиялық саммит өтетінін айта кету керек. Аталған саммитті өткізу туралы ұсынысты Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылы өткен сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еді. Бұл ауқымы кең жиынға түрлі елдерден, әлемдің ұйымдардан, ғылым және бизнес салаларынан жалпы 1500 өкіл қатырсып, Орталық Азиядағы және өзге де елдердегі климаттық өзгерістер, табиғи ресурстарды тиімді жолдармен басқару, су қорының азаюы сынды күн тәртібіндегі проблемаларды шешу тетіктері қарастырылады.
Естеріңізде болса, 17 наурыз күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжатта туризм саласын дамыту және мемлекет тарапынан қолдау шараларын көрсету мәселелері қарастырылған. Заңнамадағы өзгерістер ішкі және сыртқы туризмді ілгерілету, инвесторлардың туризм саласына деген қызығушылығын арттыру, мықты кадр тапшылығын шешу, туризм саласы мен заманауи технологияларды біріктіру сынды игіліктерді көздейді. Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл реформа туризм саласындағы инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеруге, Қазақстанды тартымды әрі қауіпсіз туристік бағыт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Бұл бағыттағы жұмыстар экологиялық туризмнің де дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Б.Мейірханұлы,


