Күдікті әйел мас күйде пышақ ала жүгірген – полиция мәлімдеме жасады.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Екібастұз қаласында тұрмыстық жанжал адам өлімімен аяқталып, тағы бір әйел пышақ жарақатын алды, деп жазады Azattyq Rýhy
Оқиға 9 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада баспалдақпен қансырап түсе қашқан әйел мен оның артынан қуып жетіп, пышақ ала жүгірген күдіктінің әрекеті айқын көрінеді. Кадрлардан шабуылдаушының жәбірленушіні аяусыз соққылап жатқан сәттері анық байқалады. Қан жоса көріністер көпшіліктің жағасын ұстатты.
Павлодар облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, жанжал әуелі пәтер ішінде басталған. Сол жерден пышақ жарақатынан көз жұмған ер адамның мәйіті табылған.
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжал кезінде пәтерде тағы бір ер адамның денесін тапты. Оқиға болжам бойынша үй адамдарының алкогольдік мас күйінде басталған. Анықталған азаматқа бірнеше рет пышақ сұғылған.
«Ол алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар тағы бір әйел пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен әйелдің өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.
Қанды оқиғаға қатысы бар деген күдікпен әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себеп-салдарын анықтауда.


