Египет әуежайында көз жұмған әйелдің құрбысы Президенттен көмек сұрады

0
127

Марқұм баласымен бірге саяхаттағанды жақсы көрген.


Египет әуежайында көз жұмған әйелдің құрбысы Президенттен көмек сұрады

Фото: Құрбысының мұрағатынан

ERNUR.KZ. Бұған дейін Шарм-эш-Шейх әуежайында қайтыс болған қазақстандықтың Ақтөбе облыстық ПД кадр басқармасында ұзақ жыл жұмыс істегені белгілі болған еді, деп жазады inbusiness.kz.

Шетелде ойда-жоқта қаза тапқан Ақмарал Мұқанованың жан құрбысы Венера Ысқақова журналистерге қаралы хабарды баласынан естігенін айтып берді. Ол марқұмның денесін елге, Ақтөбе қаласына жеткізу үшін Президенттен, Үкіметтен және елшіліктен көмек сұрап отыр.

– Қайтыс болған Ақмарал Мұқанова – менің жан құрбым. 1970 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебіне бірінші сыныпқа бардық, содан бері құрбымыз. Ол 1980 жылы оқу бітіріп, Алматыға кетті. Талдықорғанда заңгерлік мамандыққа түсті. Ақтөбедегі Сазды полиция бөлімінде қызмет жолын бастады. Ақтөбе қалалық полиция басқармасынан зейнетке шықты. Кешегі болған жағдайды баласынан естідім. Сағат 12:00 шамасында әлеуметтік желі арқылы көріп, Ақмаралға хабарласам деп ойладым, ұмытып кетіппін. Бір уақытта баласы "Венера апа, анамнан айырылып қалдым" деп жазыпты. Бұған дейін ол жаққа барғанын естіп, хабарласып отырдым. Хабарлама жазып, қыдырып жүрген фотосын да жіберген еді, – деді құрбысы Венера Ысқақова.

Оған марқұмның баласы жанында елшіліктен адам барын айтқан. Денесін 3-4 күн күтетінін, тергеу жүріп жатқанын жеткізген. Құрбысы денені Қазақстанға әкелуге Президенттен, Үкіметтен, елшіліктен көмек сұрайды. Әрі істің әділ тергелуін қалайды.

– "Іс дұрыс тергелмей қалады" деп алаңдаймыз. Денесін елге, Ақтөбеге жеткізсе дейміз. Ол Ақтөбеде тұрды. Астанаға көшкеніне 3 жыл ғана болды. Үнемі күлімдеп жүрді, бір ренжігенін көрмедім. Баласы екеуі жиі саяхаттады, бұл да кезекті саяхат болды. Соңғы рет сәуірде көрдім. "ауырып кеттім, дем алайыншы" деген еді. Мен қазір баланың жағдайын ойлап отырмын. Ол телефон қуаттаймын деп тұрған, сол сәтте құлаған екен, – деп сөзін жалғады құрбысы.

Бұған дейін оқыс оқиға Египеттің Шарм-эш-Шейх әуежайында болғанын және қазақстандық тұрғынның кім екені анықталғанын хабарлаған едік.