2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,2 млрд текше метр су жіберілді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде теңізге түсетін су көлемінің тұрақты болуы қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,2 млрд текше метр су жіберілді. Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр.
Вегетация кезеңі аяқталғанға дейін су жіберу көлемін біртіндеп секундына 100-150 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метр.
«Солтүстік Аралды сақтау мақсатында министрлік бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде Сырдария өзені бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыру және гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары бар. Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл да күшейтіліп жатыр. Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл – он жылға созылған келіссөздер процесінің нәтижесі», – деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.


