Қазақстандық ауылдарда фельдшерлік, акушерлік, медициналық пунктер мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жалғасуда.
ERNUR.KZ. Бұл жұмыс «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатыр. Осылайша, 655 медициналық нысан салу жоспарда бар. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді.
Оның айтуынша, еліміздің бес климаттық және сейсмикалық аймақтары бойынша эталондық жобалар әзірленді.
«Бұл мерзімдерді оңтайландыруға, объектілерді жобалау мен салу кезінде бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ біздің эталондық жобаларымыздағы отандық тауар өндірушілердің үлесі, құрылыс материалдары мен медициналық жабдықтарды қоса алғанда, 80%-дан асқанын атап өткен жөн», – деді Тимур Мұратов.
Бүгінгі таңда 479 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Бұл ретте бұрын-соңды медициналық мекемелері болмаған ауылдарда 178 нысан бой көтерді. 301 нысан ескірген және бейімделген ғимараттардың орнына салынған. 2025 жылдың соңына дейін тағы 176 АМСК нысандарының құрылысын аяқтау жоспарланған.
«Пилоттық жобаның екінші міндеті аясында алты нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бұл – Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы көпсалалы орталық аудандық ауруханалар. Атап айтқанда, 26 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, оның ішінде 7 – қосымша құрылысқа, 7 – қайта жаңартуға және 12 – күрделі жөндеуге. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», – деді спикер.