Биыл Қызылорда аймағында білім беру саласына 346 млрд 800 млн теңге бөлінді

0
140

Қызылорда өңірінде көлік-логистика саласында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр.


Биыл Қызылорда аймағында білім беру саласына 346 млрд 800 млн теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға 16 млрд 700 млн теңге жеке инвестиция тартылды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңа терминалда халықаралық стандартқа сәйкес жолаушыларға барлық қызмет сапалы түрде көрсетілуде. Бұл туралыоблыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Бүгінде әуежай мемлекеттік субсидиясыз жұмыс жасауда. Жаңа терминал жылына 2 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі бар.

«Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға облыс орталығындағы темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. 4 ауданда вокзалдар күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, 4 вокзал қайта салынуда. Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешімін тапты. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге 100 экотакси сатып алынып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде», – деді әкім.

Аймақ қарқынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілді. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер табысталды. Соңғы 3 жылда алғаш рет барлық ауданда жаңадан 1800-ге жуық пәтер салынып, табыс етілді. Биыл 3600 пәтерлі тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.

Өңірде білім беру саласы ерекше назарда. Соңғы 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Биыл 346 млрд 800 млн теңге қаралды. Өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге жаңадан 13 білім беру ұйымдары жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. 2023 жылдан бастап 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Нәтижесінде өңірде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңадан білім ордасы салынды.«Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауылында салынған 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Аталған қор есебінен 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды.

Соңғы үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. 11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды. Академияда 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс жасауда. Ішінде үлкен және кіші бассейндер, спорт-жаттығу, пәндік, робототехника, компьютерлік модельдеу және шығармашылық кабинеттер бар. Бұдан бөлек, ауласында футбол, волейбол, баскетбол, балалар ойын алаңдары жұмыс жасайды. Академия күніне 3 мың балаға дейін қызмет көрсетеді.

3 млрд теңгеден астам қаржыға 3 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынып, пайдалануға берілді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы салынып, балаларымыздың игілігіне қызмет етуде.