Жобаны үйлестіру жұмыстарын «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы» жүргізбек.
ERNUR.KZ. «Халық әуені» концерттік-гастрольдік тур жобасы еліміздің мәдени саясатының басым бағыттарымен үндес. Атап айтқанда, ол мәдениет пен өнерді тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлер мен ауылдық аймақтарда дамыту, халықтың мәдени игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың ел аумағында кеңінен таралуын арттыру міндеттері жобаның негізгі мазмұнын айқындайды. Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Әбдуалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
«Халық әуені» концерттік-гастрольдік тур жобасының мақсаты – Қазақстан халқының мәдени құндылықтарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, шалғайда орналасқан елді мекендер мен моноқалалардың тұрғындарына сапалы мәдени өнімді ұсыну, көрермендердің рухани көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, отандық өнерді кеңінен насихаттау болмақ.
«Алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Халық әуені» жобасы аясында Министрлікке бағынысты концерттік ұйымдар мен шығармашалық ұжымдар 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында 17 облыста бір мезетте гастрольдік концерттерін салтанатты түрде бастайды. Әрбір шығармашылық ұжым 21-23 мамыр күндері бір облыстың 3 аудан орталығы мен моноқалаларын аралап, республика бойынша барлығы 51 концерттік бағдарлама көрермендерге ұсынатын болады», – деді спикер.
Қазір облыстардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, концерттер өтетін аудан орталықтары және барлық қатысушы ұжымдардың концерттік бағдарламалары бекітіліп, әртістердің сапалық құрамы жасақталды. Шығармашылық ұжымдардың құрамында отандық өнерде өзіндік қолтаңбалары бар танымал әртістер, ел мәдениетін алыс-жақын шет елдерге насихаттап жүрген үздік шығармашылық ұжымдар мен озық орындаушылар бар.
Жергілікті атқарушы органдар концерттер өтетін орындармен, қажетті заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ақпараттық қолдау, сондай-ақ облыстардың аумағында трансферлік тасымалдау шараларын үйлестіріп, жобаға үлкен көмек көрсетуде. Сонымен қатар өңірлердің климаттық ерекшелігін ескере отырып, концерттерді ашық аспан астындағы арнайы құрылған сахналарда өткізу жұмыстары да үйлестірілуде. Бұл өз кезегінде көрермен санын арттыруға мүмкіндік береді. Концерттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жанды дыбыстау форматында ұйымдастырылмақ.
Жобаны үйлестіру жұмыстарын «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы» жүргізбек.


