2021 жылы ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы қабылданды.
ERNUR.KZ. 2024 жылы бұл заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде енді отандық кәсіпорындар шикізатты Лондон металл биржасындағы бағадан 5% төмендетіп алады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Төребек ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлім етті.
2024 жылы бастапқы алюминийді қайта өңдеу 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 54 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылы алюминийді қайта өңдеу көрсеткішін 93 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.
«Алюминий өнеркәсібінде бұл шараға 16-дан аса компания қатысуда. Қазіргі таңда осы шара негізінде іште өңделіп жатқан алюминийден шығарылатын өнімдердің түрлері де, олардың көрсеткіштері де артып келеді. Мысалы, бастапқы алюминийді өңдеу нәтижесінде профильдерді шығару көлемін өткен жылмен салыстырғанда 16 мың тоннадан 25 мың тоннаға, немесе 36%-ға арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар профильді өңдеуге арналған цилиндрлік құймаларды шығару көлемі 16,4%-ға арттыру көзделуде. 2029 жылға қарай елде шығарылып жатқан бастапқы алюминийді 163 мың тоннасын іште өңдеу жоспарланған», – деді спикер.
Яғни, қазір елімізде 265 мың тонна алюминий шығарылса, соның 163 мың тоннасы күрделі өңдеуден өтіп, қосылған құны жоғары дайын өнімге айналады. Бұл елдің экономикасын әртараптандырып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.