Биыл елімізде 64 мәдени нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
83

Бүгінде Қазақстанның мәдени инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.


Биыл елімізде 64 мәдени нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Әсіресе, өңірлердегі мәдени нысандардың жағдайын жақсарту – басты назарда. Былтыр 61 мәдениет нысанының құрылысы қолға алынып, тағы 252 нысан жөнделді. Биыл елімізде 64 мәдени нысанының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бастама ауылдық мәдениет ошақтарының мүмкіндігін арттырып, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтің сапасын жақсартуға жол ашады.

«Сондай-ақ ұлттық мәдениеттің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратында демеушілер есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу аясында 5 мың шаршы метр аумақтағы шатыр толық қалпына келтірілді, сондай-ақ заманауи жабдықтармен чиллерлер ауыстырылды», – деді МАМ өкілі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да демеушілер қаражатына бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіреберісі реконструкцияланып, залдар мен қызметтік бөлмелер жаңартылды. Алматы қаласында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттері мен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі үшін 500 орындық жаңа жатақхана салу жұмысы қолға алынып жатыр.

Бұдан бөлек, республикалық 3 өнер мектебінің ғимараттарын қайта салу мәселесі пысықталуда. Биыл Бурабайда орналасқан балаларға арналған республикалық дәрежедегі шығармашылық бағыттағы демалыс лагерін қайта ашу жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба – Александр Селезнев атындағы хореографиялық училище ғимаратын реконструкциялау. 1960 жылдары салынған ғимаратта сол кезден бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.