Алматы өңірінде ауыл шаруашылығын дамыту – облыстың басым бағыттарының бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 682 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7%-ын құрады.
ERNUR.KZ. Биыл бұл көрсеткіш 3,3% өсіммен 751 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Бұл жайында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Облысымыздың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемі жылдан-жылға ұлғаюда. Мұның айқын көрінісі – Шин-Лайн компаниясының экспорттау шеңберін кеңейте отырып, балмұздақ өнімдерін Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне шығаруы, «Fruit Art» компаниясының сублимациялық өнімдері, «LST AGRO» жылыжайындағы томат өнімдерінің 90%-ы Ресейдің «Пятерочка», «Магнит» секілді ірі сауда желілеріне тікелей жеткізілуі. Осындай компаниялардың қарқынды жұмыстарының нәтижесінде ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артып, 345 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау аясында 13 сүт-тауар фермасын құруға республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді», – деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді ұлғайту мақсатында, «Pepsi Co» компаниясымен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде Нарынқолда өсірілген картоптан «Lays» өнімдері шығарылатын болады. Облыс ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі бойынша 8-орында болғанымен, өнім көлемі бойынша тұрақты түрде республикада 5-орында.
Мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне бүгінге 17 теңгеге өнім шығарылуда, бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда.
Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы су ресурстарының қолжетімділігі мен тиімді пайдалануына тікелей байланысты.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – 9 мың шақырым ирригация желілерінің тозуы 60%-ға жетіп, су шығыны 50%-ды құрап отыр. Туындаған мәселелерді шешу мақсатында алдағы жылдары облыстың суару желілеріне Ислам Даму Банкі арқылы 255 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Нәтижесінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару желілері жаңғыртылып, 111 мың га жер айналымға қосылады. Су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен жыл сайын 1,5 млрд теңге көлемінде субсидия бөлініп, 3 жыл ішінде осы технологияны қолданатын жер көлемі 20 мың гектардан 65 мың гектарға жетті.
«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. 2022-2025 жылдар аралығында 518 мың га пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 331 мың гектары қайтадан айналымға енгізілді. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бүгінде 11 млрд теңгеге 1 373 шағын несие берілді», - деді спикер.
Ауыл халқының орташа табысы соңғы үш жылда 1,7 есеге артып, бүгінгі таңда 336 мың теңгеге дейін жеткізілді.


