Биыл 91 мыңнан астам педагог мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтті

0
85

Білім сапасын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі – педагогтердің жоғары кәсібилігі.


Биыл 91 мыңнан астам педагог мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтті

ERNUR.KZ. Бұл орайда Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жасап келеді. «Педагог мәртебесі» туралы Заңға сәйкес, педагогтердің біліктілігін арттыру үш жылда кемінде бір рет жүргізіледі. Демек, әр жыл сайын Қазақстандағы мұғалімдердің 33,3%-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сәйкесінше, 2025 жылдың басынан бері ел бойынша орта білім беру жүйесінің 91 мыңнан астам педагогі мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Бағдарламалар бастауыш сынып, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттарындағы және дене шынықтыру пәні мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ педагогтер инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілік бағыттары бойынша да оқытылды.

«Қазақстандық педагогтердің жасанды интеллект бойынша біліктілік арттыруға деген қызығушылығы өте жоғары. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, әзірлеген ақысыз онлайн курсқа 338 мыңнан астам мұғалім қатысып, оның 267 мыңға жуығы, яғни 79%-ы сертификат алды. Сонымен қатар педагогтер 5 жыл сайын аттестаттаудан өтеді. 2025 жылы республика бойынша «Ұстаз» педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы» іске қосылды. Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен жетістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді, адами факторды жойды», – деді спикер.

2025 жылы автоматтандырылған жүйеде «педагог-модератор», «педагог-сарапшы» біліктілік санаттары үшін ғана аттестаттау жүргізілді. Ал «педагог-зерттеуші», «педагог-шеберлер» дәстүрлі форматта, яғни «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтті. Осы жылы платформа арқылы барлығы 93,1 мың педагог өтініш берді.

Бүгінде орта білім беру жүйесінде біліктілік санаттары бойынша 104 999 «педагог», 126 688 «педагог-модератор», 95 438 «педагог-сарапшы», 82 632 «педагог-зерттеуші», 2 973 «педагог-шебер» жұмыс істеуде. Өткен жылмен салыстырғанда педагог-модераторлардың үлесі 7%-ға, педагог-сарапшылар 2%-ға, педагог-зерттеуші – 1%-ға өсті.

Айта кетерлігі, биыл Ұстаздар күні қарсаңында Президент білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады. Оның ішінде 2 «Парасат» ордені, 9 «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы, 6 «Құрмет» ордені, 9 «Ерен еңбегі үшін» және 2 «Шапағат» медалі бар.