Мемлекеттік кіріс комитеті басылымға берген жауабында ол нысандарға жеке тексеріс жүргізілмегенін хабарлаған.
Фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандықтарға тиесілі 217 мүлік бар, деп жазады ulysmedia.kz.
Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті есебінше, БАӘ қазақстандықтарға тиесілі 217 жылжымайтын мүлік бар. Бұл жөнінде комитет BES.media сайтына берген жауабында айтқан.
«2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер декларациясында (СЕФ 250.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 168 мүлкін жариялады. 2024 жылдың табыс пен мүлік декларациясында (СЕФ 270.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 49 мүлікті жариялаған. Осылайша, 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша БАӘ-де 217 мүлік жарияланды», – деп жазылған жауапта.
Мемлекеттік кіріс комитеті басылымға берген жауабында ол нысандарға жеке тексеріс жүргізілмегенін хабарлаған.
Бұған дейін бас прокуратураның активтерді қайтару қызметі "қазақстандықтардың Дубайдағы 97 пәтері туралы" ақпаратты тексеруге негіз жоқ деген.
Контекст
Наурыздың басында Иран АҚШ пен Израильдың әуе соққысына қарымта ретінде АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери базаларына зымыран және дрон ұшырған.
Шабуыл кезінде соның бірі Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясына түскен. Сол уақытта «Дубайдағы Қазақстан» журналистік зерттеуінің авторы Манас Қайыртайұлы C4ADS ұйымының 2022 жылғы есебі бойынша, Fairmont The Palm резиденциясынан қазақстандықтардың 97 пәтер сатып алғаны туралы жазған.
Бұл ақпарат әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланған болатын. Журналист пәтер иелерінің кейбірінің аты-жөнін де жариялаған.


