​Батыс Қазақстанда 3 300-ге жуық киік өлексесі жойылды

0
97

Облыста 2023 және 2025 жылы киік санын реттеу жұмыстары атқарылғаны белгілі.


​Батыс Қазақстанда 3 300-ге жуық киік өлексесі жойылды

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында киік санағы жүргізілді. Алдын ала белгілі болған мәліметке сүйенсек, өңірде шамамен 1,9-2 млн киік бар екені анықталды. Санақ қорытындылары алдағы мамыр айының басында шығарылады, деп жазады inform.kz.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылғы санақ қорытындылары алдағы мамыр айының басында белгілі болады.

Нұрлан Сағынтайұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы төлін есептемегенде, өңірде 2,3 млн бас ақбөкен есепке алынған еді.
– Бүгінгі таңда киікті қорғау жұмыстарына «Охотзоопром» РМҚК Батыс өңірлік филиалының 4 мобильді тобы, 13 инспекторы және 6 техникасы жұмылдырылған. Соның ішінде үшеуі Батыс Қазақстан, біреуі Атырау облысында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ рейдтік іс-шараларға «Бөкейорда» резерватының 4 мобильді тобы жұмылдырылған. Қазіргі уақытта киіктердің негізгі бөлігі Жәнібек және Казталов, ішінара Жаңақала, Бөкей ордасы және Ақжайық ауданында орналасқан. Инспекторлардың бақылауында шамамен 1,9-2 млн бас киік бар, – деді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, БҚО әкімінің орынбасары бекіткен «2026-2027 жылдарға арналған жабайы жануарлар (киіктер) қырылған жағдайда оларды анықтау, сондай-ақ олардың өлекселерін жою кезіндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарына» сәйкес, жануарлардың өлекселері мал қорымдарында, сондай-ақ арнайы қазылған траншеяларда жойылады.
Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында «Охотзоопром» және резерват инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, киіктердің өлекселерін табу және жою жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында барлығы 3 281 бас киік өлексесі жойылса, соның 1 547-сі – текесі, 1 617-сі – аналығы, 117-сі – лағы.
Ауылдық округтердің аумағында орналасқан мал қорымдарының көпшілігі толып кеткендіктен, өлекселерді жою кезінде үнемі қиындықтар туындап отыр. Негізгі қиындық – арнайы техниканың, атап айтқанда, экскаваторлардың жетіспеушілігі.
Киіктердің өлекселері табылған жағдайда «Охотзоопром» РМҚК Батыс өңірлік филиалының инспекторларына хабарлау қажеттігі туралы жергілікті тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Қазіргі уақытта киіктердің күнделікті өлімі көбейгені байқалады. «Киіктер түрлі жұқпалы аурулардың таратушысы болуы мүмкін» деген пікірдің таралуына байланысты халық арасында наразылық артып келеді. Киіктен алынған сынамалардың қорытындысы бойынша пастереллез анықталды. Облыс әкімінің тапсырмасымен оңтүстік аудандарға ветеринариялық қызмет басшылары мен инспекция қызметкерлері шығып, жергілікті жерлерде қалыптасқан жағдайға талдау жүргізді. Аумақтық инспекция, «Охотзоопром» РМҚК және «Бөкейорда» резерватының инспекторлары аталған аумақтарда тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді инспекция басшысы.
Тағы бір мәселе, киік көбейгендіктен, шаруалардың шабындықтары мен егістік алқаптарын қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл мамыр айының екінші онкүндігінен бастап 159 шаруа қожалығының 66 712 гектар жерін қорғау көзделіп отыр.
Облыста 2023 және 2025 жылы киік санын реттеу жұмыстары атқарылғаны белгілі. Бұл іс-шаралар биыл да жалғасын табады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктен пастереллез ауруы анықталғанын жаздық.