Бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілі өзгереді

0
84

Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі бастауыш білім беруді жетілдіруге ерекше басымдық беріп отыр.


Бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілі өзгереді

ERNUR.KZ. Басты мақсат – оқу жүктемесін оңтайландыру, білім мазмұнының сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету және әр баланың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыру. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілін қайта қарады. Бағалау тәсілін қайта қарауға ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болды. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, білім мазмұны өзгерген сайын бағалау тәсілі де жаңарып отыруға тиіс.

«Бағалау баланың нені білетінін ғана емес, алған білімін қалай қолданатынын, қандай дағдыларды меңгергенін көрсетуі қажет. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады. Критериалды бағалау жүйесі сақталады. Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Бұл тәртіп өзгермейді. Бұған дейін бағалау формативтік және жиынтық бағалау түрінде жүргізілді. Жиынтық бағалау бөлім бойынша жиынтық бағалауды және тоқсандық жиынтық бағалауды қамтыды. Жаңа тәртіп формативтік және аралық бағалауды қамтиды», – деді спикер.

Вице-министр негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, формативтік бағалау сақталады және үлесі артады. Оның тоқсандық бағадағы үлесі бұрын төрттен бір бөлігін құраса, енді теңбе-тең болады. Бұл баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен оқу жетістігін көбірек ескеруге мүмкіндік береді. Формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. 10 балл бір ғана тапсырманың немесе сабақтың бір кезеңінің нәтижесі бойынша қойылмайды. Бұрын тек үй жұмысына немесе бір тапсырманы жақсы орындағаны үшін бірден бағаланып келген. Енді баланың сабақтың әртүрлі кезеңдерінде орындаған тапсырмаларының жиынтық нәтижесі негізінде анықталады. Педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалайды. Мысалы, тоқсанда бір пән бойынша 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл – бағалаудың ең төменгі жиілігі. Педагог оқушыны одан да жиі бағалай алады. Осы талап баланың біліміндегі ілгерілеуді жүйелі бақылауға және оның күнделікті еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді.

Екінші өзгеріс – аралық бағалау енгізіледі. Аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін жүргізіледі және сол бөлім бойынша қорытынды жұмыс болып саналады. Аралық бағалаудың саны оқу бағдарламасындағы бөлімдер санына байланысты болады.
Үшінші өзгеріс – тоқсандық жиынтық бағалау өткізілмейді.Бұған дейін, мысалы, математика пәнінен бір тоқсанда үш БЖБ және бір ТЖБ өткізілсе, оқушы барлығы төрт жұмыс орындайтын. Жаңа тәртіп бойынша әр бөлімнің соңында аралық бағалау жүргізіледі. Ал тоқсанның соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл баланың бағалау жүктемесін азайтады. Педагог те ТЖБ тапсырмаларын әзірлеу және тексеру міндетінен босатылады.