Марқұмдардың ұлы мен қызы әлі табылған жоқ.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Атырау облысында жұмбақ күйде жоғалып кетіп, кейін мәйіттері табылған ерлі-зайыптының ісі бойынша күдіктілер Индонезияда ұсталған еді. Отбасының күйеу баласы мен қызы да күдікті болып танылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Кеше біздің баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты толыққанды ақпарат таратты. Жалпы, қосымша мәлімет жоқ. Дегенмен, сауал қойылған соң нақтылай кетсем, қазақстандық полицейлер Интерполмен және Индонезия құқық қорғау органдарымен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді. Бүгінде күдіктілер Индонезия аумағында ұсталды. Жақын уақытта олар Қазақстанға жеткізіледі. Қазіргі таңда оларды елге қайтару (экстрадициялау) мәселесі шешіліп жатыр», - деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Ол атағандай, ерлі-зайыптылардың процессуалдық мәртебесі – күдікті.
«Сонымен қатар, екі із-түзсіз жоғалған баланы іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау облысында арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр»,- деді ол Мәжіліс кулуарында.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасының жоғалғаны туралы ақпарат былтыр жыл соңында белгілі болды. 25 желтоқсанда жақындары полицияға арызданғаннан кейін іздестіру шаралары басталды. Араға уақыт салып, үй ауласындағы шаруашылық нысанынан ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.
Марқұмдардың 3 баласы, яғни 35, 30 жастағы қыздары мен 32 жастағы ұлы болған. Ерлі-зайыптылардың балалары 25 желтоқсанда ресми түрде із-түзсіз хабарсыз кеткендердер қатарына енгізілген еді.


