Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелген.
фото:baq.kz.
ERNUR.KZ. Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа мәлімет белгілі болды, деп жазады baq.kz.
Тергеу аясында күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның (қайтыс болған отбасының кіші қызы - ред.) адам өлтіру оқиғасына қатысы анықталмаған.
Бұл туралы Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, әйелге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Сонымен қатар қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламау дерегі бойынша жеке іс тіркелгенімен, оған әзірге нақты құқықтық баға берілмеген.
Оның адам өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, өзіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, – деді Жандар Болатбек.
Белгілі болғандай, әйелге Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда оның ресми қорытындысы Атырау облысының прокуратурасына әлі келіп түспеген.
Жандар Болатбек сараптама нәтижесі дайын болуы мүмкін екенін, бірақ құжат әзірге ведомствоға жетпегенін айтты. Қорытынды алынғаннан кейін мамандар оны толық зерттеп, қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы ықтимал.
Құқықтық баға әйелдің психикалық жағдайына қатысты барлық дерек толық анықталғаннан кейін беріледі.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға жеткізіліп, қазір облыстық психиатриялық орталықта ем қабылдап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Сонымен қоса елді дүр сілкіндірген атышулы іске қатысты сот отырысының қашан басталатыны айтылды.


