СҚО-да 102 мың шаршы метрді құрайтын ірі логистикалық орталық салу жоспарлануда

0
34

Петропавл қаласында KYZYLZHAR HUB халықаралық көлік-логистикалық кешенінің құрылысына 29 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда. ​


СҚО-да 102 мың шаршы метрді құрайтын ірі логистикалық орталық салу жоспарлануда

ERNUR.KZ. Жоба аясында тауарларды сақтау, өңдеу және таратуға арналған заманауи инфрақұрылым, оның ішінде Ozon және Alibaba сияқты ірі электрондық сауда алаңдарының тауарларымен жұмыс істеуге арналған нысандар құру көзделген, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.

Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Royal Investment International компаниясының құрылтайшысы Марат Салиховпен келіссөздер жүргізді. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар жобаның тұжырымдамасын таныстырды. Кездесу барысында оны іске асыру мүмкіндіктері мен өңірдің логистикалық инфрақұрылымын дамыту перспективалары талқыланды.

Болашақ кешеннің жалпы аумағы 102 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды сақтауға арналған мамандандырылған қоймалар, жүктерді қайта тиеу аймақтары, сондай-ақ кеңсе ғимараттары орналастырылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Солтүстік Қазақстан облысы географиялық орналасуы жағынан бұл бағытта бірқатар артықшылықтарға ие. Өңір аумағы арқылы Ресейді Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа елдерімен байланыстыратын автомобиль және теміржол бағыттары өтеді.

Осы бағыттағы жұмысты дамыту мақсатында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында көлік-логистикалық нысандарды орналастыруға арналған №8 қосалқы аймақ құрылды. Қазіргі уақытта оны дамыту бойынша бас жоспар әзірленуде.

KYZYLZHAR HUB жобасының жүзеге асырылуы өңірге қосымша инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.