Атырауда жоғалған отбасы: Полиция екі адамды әлі іздеп жатыр

0
105

Атырауда бір отбасының төрт мүшесі - әкесі, анасы және олардың екі баласы із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған болатын.


Атырауда жоғалған отбасы: Полиция екі адамды әлі іздеп жатыр

ERNUR.KZ. Атырау облысында бұған дейін жоғалып кеткен бір отбасының екі баласын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда бір отбасының төрт мүшесі - әкесі, анасы және олардың екі баласы із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған болатын. Кейінірек ерлі-зайыптылардың мәйіті табылып, қаза болғаны белгілі болды. Ал олардың ұлы мен қызы әлі күнге дейін табылған жоқ.

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта балаларды табуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін редакциямыз елді шошытқан оқиғаның хронологиясын жазған болатын.

Еске сала кетейік, 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Мәйіттер табылған күні-ақ күдікті ресми түрде халықаралық іздеуге жарияланған.

8 қаңтарда Жангелдин ауылында Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Үтешқалиеваны жерлеу рәсімі өтті. 66 жастағы ер адам мен 65 жастағы әйелі кәмелетке толған балаларымен бірге өткен жылдың қараша айынан бері хабарсыз кеткен болатын.

Көршілерінің айтуынша, алдымен ұлы жоғалып, кейін бүкіл отбасы медициналық көмек алу үшін кетіп қалған деген болжам айтылған.

Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, қылмысқа күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев танылып отыр. Полиция өкілдері қылмысқа басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатқанын хабарлады.

Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады.

Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.