Баланың денесіндегі көгерген іздерді алғаш болып әжесі байқаған.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бір жасар сәби соққыға жығылды.Баланың денесіндегі көгерген іздерді алғаш болып әжесі байқап, құқық қорғау органдарына шағымдануды талап еткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Баланың әжесі Әлфия Жолдасова бейнебақылау камерасындағы кадрлардан шошып кеткенін айтады. Оның сөзінше, егер жарақаттар дер кезінде байқалмағанда, тәрбиеші бұзақылығын әрі қарай жалғастыра берер еді. Сондықтан отбасы бұл істі аяқсыз қалдырмауға бекінген.
Зардап шеккен сәбидің ата-анасы заң алдында тек тәрбиеші емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған балабақша басшылығы да жауап беруі тиіс деп есептейді.
Анықталғандай, тәрбиеші бұған дейін де заң алдында жауапкершілікке тартылған. Алайда, небәрі 3 ай бұрын ашылған және 24 бала қабылдаған балабақша директоры Нағима Аманқосова бұл жайттан хабарсыз болғанын айтады.
Балабақша басшылығы өз тарапынан бірқатар қателік кеткенін мойындады. Атап айтқанда, тәрбиешінің мекемеде небәрі екі ай жұмыс істегені, қызметкердің сотталмағаны туралы 2025 жылғы ескі анықтама ұсынғаны және басшылықтың құжаттың берілген мерзімін тексермей, қызметкерді жұмысқа қабылдағаны белгілі болды.


