Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Астана соты сапар аяқталғаннан кейін таксиден шығудан бас тартып, жүргізушіні балағаттап, оған қоқан-лоқы көрсеткен ер адамға қатысты істі қарады, деп жазады stan.kz.
Аталған фактіге қатысты Instagram әлеуметтік желісінде болған оқиғаның видеосы тарағаннан кейін полиция басқармасында тіркеу жүргізілген.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, ер адам өз әрекетімен "айналасындағы адамдарға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған". Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Сот ер адамды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
“Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен азаматқа 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", – деп нақтылады сот.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, күні кеше Асель есімді жүргізуші жолаушының онымен бірге көңіл көтеретін жерге баруға үгіттегенін, барлық шығынды өзі төлеуге уәде бергенін, видеоны әлеуметтік желіге жарияласа, аузын бұзатынын және оны “көлігімен бірге өртеп жіберемін" деп қорқытқанын айтқан еді.


