Қыз баланың жағдайы тұрақты, ол тиісті мамандандырылған бөлімге ауыстырылды.
Фото: Telegram-арна Astanovka98
ERNUR.KZ. Астанадағы автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына 29,6 миллион теңге берілетін болды, деп жазады Stan.kz.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, Республика даңғылында болған автобус апатынан зардап шеккен баланың отбасына автопарктің сақтандыру полисі және демеушілік есебінен жалпы сомасы 29 миллион теңге көлемінде қаржы беріледі.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, қазір зардап шеккен қыз балаға мынадай қолдау шаралары қарастырылған:
- автопарктың сақтандыру полисі есебінен 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі (қазір бұл төлем заң аясында рәсімделіп жатыр);
- автопарк тарапынан қосымша 10 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсету туралы шешім қабылданды;
- отбасы Ақмола облысында тұратындықтан, емделу және оңалту кезеңінде Астанада уақытша баспана жалдауға көмек ұсынылды.
Сонымен қатар жол апатына түсіп, ауруханада жатқан екі жолаушыға да сақтандыру төлемдері қарастырылған. Қыз баланың жағдайы тұрақты, ол тиісті мамандандырылған бөлімге ауыстырылды.
"Қала әкімдігі алғашқы күннен бастап шынайы қолдау көрсетіп келеді. Біздің өкілдер отбасы мүшелерімен тұрақты байланыста. Олар зардап шеккен қыздың сауығып кетуі үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатыр", – делінген хабарламада.