Әскерден босату: Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

0
85

Әлеуметтік желілерде "әскерден қалдыру" немесе "ақ билет" алып беру бойынша қызмет көрсету жарнамасы таратылып жатыр.


Әскерден босату: Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

Фото:Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы тарапынан қабылданатын түсіндіреді, деп жазады tengrinews.kz.

Әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

"Ведомство азаматтарды күмәнді схемаларға қатыспауға және жергілікті әскери басқару органдары (әскери комиссариаттар) немесе медициналық комиссиялар арқылы "мәселені шешіп беруге" кепілдік береміз деп, азаматтарды жаңылыстыратын "әскери комиссариаттардың көмекшілерінің" айла-шарғыларына алданбауға шақырады", - делінген хабарламада.

Мерзімді қызмет жастарға білім беру жеңілдіктері мен гранттар алу, кәсіби дағдыларды меңгеру, дене дайындығын нығайту секілді нақты мүмкіндіктер береді.

"Сонымен қатар, мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде және қызметтен босатылғаннан кейін екі ай ішінде әскери қызметшілер үшін кредиттік демалыс (несиелік каникул) тетігі қолданылады. Белгіленген мерзімді толық өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Соның ішінде оларға студенттік жатақханадан орын алуға да басым құқық беріледі", - делінген сайтта.

Сондай-ақ, жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ білім беру грантын алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға арналған сертификаттар мерзімді әскери қызмет өткерген 9 мыңнан астам қазақстандыққа берілді.

Азаматтар шақыру комиссиясының шақыру қағазы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті.