Әскердегі соққы: Жақ сүйегі сынған сарбазды туыстарынан жасырған

0
151

Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасады.


Әскердегі соққы: Жақ сүйегі сынған сарбазды туыстарынан жасырған

ERNUR.KZ. Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылған сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған. Туыстары қысым көрсетілгенін айтып, қылмыстық іс қозғауды талап етті. Қазір ол Алматыдағы әскери госпитальде ем алып жатыр, деп жазады baq.kz.

Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған сарбаз Қапар Есбол Қалыбекұлының әпкесі Бейсбаева Аида Қалыбекқызы әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Қапар Есбол 2025 жылғы 28 мамырда Отардағы 21450-12 әскери бригадасына Отан алдындағы борышын өтеу үшін аттанған. Әскерден босауына төрт ай қалғанда оны үш сержант соққыға жыққан. Тағы бір сержант темір затпен ұрып, салдарынан сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, екі апта бойы оған қысым көрсетіліп, психологиялық және моральдық қысымға ұшыраған. Кейін әскери киімін шештіріп, азаматтық киім кигізіп, Алматы қаласындағы №5 қалалық ауруханаға жеткізген. Жол шығынын сарбаздың өзіне төлеткізіп, 15 мың теңгеге жанармай құюға мәжбүрлеген, - деп жазды ол.

Мәлім болғандай, ота жасауға 300 мың теңге жұмсалған. Екі рет операция жасалып, ауыз қуысына темір конструкциялар орнатылған. Алайда сарбаз дәрігерлік бақылауға алынбай, ауруханаға жатқызылмаған. Оның орнына 16 күнге «үйқамаққа» жіберілген. Туыстары бұл кезеңде тиісті медициналық және санитарлық көмек көрсетілмегенін айтады.

2026 жылғы 29 қаңтарда сарбаз байланысқа шықпай қалған соң, туыстары Отарға барған. Алайда әскери бөлімде оның жоқ екені белгілі болған. Әпкесінің айтуынша, рота командирі Иманмади Дүйсенбекұлы оларды сарбаз ұсталған пәтерге апарған. Келесі күні ол медпунктке орналастырылған.

Тексеру барысында дәрігерлер жақ сүйегіне жасалған операцияның дұрыс жүргізілмегенін анықтаған. Кейін сарбаз Алматыдағы №1 әскери госпитальге ауыстырылып, қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр.

Туыстары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді. Олардың айтуынша, бастапқыда әскери қызметшілер кінәсін мойындамаған, кейін кешірім сұраған. Алайда отбасы оларды кешірмейтінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, аталған дерек бойынша іс қозғалғанымен, әскери полицияға жүгінген кезде іс «өзара» жабылғаны айтылды. Сарбаздың әкесі ауыр халде ауруханада жатқанына қарамастан, әскери қызметшілер одан татуласу туралы құжатқа қол қоюды талап етіп отырған көрінеді.

Отбасы бұл оқиғаға құқықтық баға беріліп, кінәлілерге қатысты қылмыстық іс қозғалуын талап етеді.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынған. Оқиғаға байланысты Әскери полиция қылмыстық іс қозғап, бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді. Тергеу жүріп жатыр.