Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
ERNUR.KZ. 2025 жылдың қазан айында Маңғыстау облысындағы ҰҚК Шекара қызметінің «Үстірт» шекара заставасында мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген Еркебұлан Сағындықовтың қазасына байланысты қылмыстық іс қызметтік салғырттық дерегі бойынша тергеліп жатыр, деп жазады baq.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау дерегі бойынша жүргізілген. Қазіргі таңда қылмыстық істің материалдары процеске қатысушыларға танысу үшін берілген, бұл тергеудің негізгі кезеңі аяқталғанын көрсетеді.
Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Еркебұлан Сағындықовқа дизельді генератордың радиаторын жуу үшін бензин әкелу тапсырылған. Жұмыс барысында ол жанармайдың буымен уланып, есінен танып, кейіннен көз жұмған.
Алғашқы ресми хабарламаларда мерзімді әскери қызметшінің қазасы техникалық жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен түсіндірілген. Алайда онда нақты бап пен лауазымды тұлғалардың ықтимал жауапкершілігі көрсетілмеген.
Марқұмның туыстары бұл тұжырыммен келіспейтінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, Еркебұлан физикалық тұрғыда дайын болған, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
Отбасы мүшелерінің қызмет өткеру жағдайларына, берілген тапсырманың сипатына және әскери қызметшінің өміріне қауіп төнген ахуалдың қалай қалыптасқанына қатысты сұрақтары бар. Марқұмның жақындары командалық құрамның әрекеттеріне жан-жақты әрі мұқият құқықтық баға берілуін талап етуде.


