"Әртүрлі болмауға тиіс": арнайы салық режимін өзгерту ұсынылды

0
189

Бір өңірде салық мөлшерлемесі 2% болса, басқа өңірде 6% болуы мүмкін


фото: Региональная служба коммуникаций Алматинской области

ERNUR.KZ. Құрылтайдағы "Ақ жол" фракциясының депутаттары арнайы салық режимін өзгерту туралы ұсыныс жасады, деп жазады sputnik.kz.
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша корпоративтік немесе жеке табыс салығының базалық мөлшерлемесі 4%-ды құрайды. Ал жергілікті мәслихаттар бизнес түрі мен нысанның орналасқан жеріне қарай бұл мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендетуге немесе көтеруге құқылы.
"Демек, бір өңірде салық мөлшерлемесі 2% болса, басқа өңірде 6% болуы мүмкін. Мұндай айырмашылық шағын бизнеске тікелей әсер етеді. Себебі салыққа көбірек қаражат жұмсалған сайын кәсіпкердің пайдасы азайып, бизнесті дамыту мүмкіндігі шектеледі. Бұған қоса, бірнеше өңірде жұмыс істейтін кәсіпкерлер мөлшерлемелер әртүрлі болған жағдайда әр өңір бойынша салық есебін бөлек жүргізуге мәжбүр. Бұл олардың жұмысын қиындатады", – деді депутат Дәурен Ахметжаев.
Оның айтуынша, бірдей қызметпен айналысатын кәсіпкерлердің салық жүктемесі тек жұмыс істейтін өңіріне байланысты әртүрлі болмауға тиіс. Бұл мәселе әсіресе ауылдар мен шағын қалалар үшін маңызды.
"Егер басқа өңірде салық мөлшерлемесі төмен болса, кәсіпкер өз бизнесін сол жаққа көшіруі мүмкін. Кәсіпкерлердің басқа өңірге қоныс аударуы бұрынғы елді мекендегі салық түсімдерінің азаюына және кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеледі. Біздің ұсынысымыздың мақсаты – салық жеңілдігін беру емес, салық жүктемесінің аумаққа қарай айырмашылығын жою", – деп атап өтті Құрылтай өкілі.