7 мамыр күні кешке ұлы Жәңгір Нұрланұлы достарымен бірге танысының пәтеріне футбол матчын көруге кеткен.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда мектеп оқушысы 20 жастағы студентті пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді, деп жазады stan.kz.
Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы Жәңгір Нұрланұлы достарымен бірге танысының пәтеріне футбол матчын көруге кеткен.
Үйде шамамен он шақты адам, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған. Кездесу барысында жастар арасында жанжал туындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдан кейін жігіттер сыртқа шығып, кейін қайта кездескен.
Марқұмның анасының айтуынша, мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарының салдарынан студент көз жұмды.
Әйел қайғылы оқиға болардан бұрын ұлымен видеоқоңырау арқылы сөйлескенін айтады. Әйелдің сөзінше, ұлының көңіл күйі жақсы болған, көп әзілдеп, кейін қайта хабарласуға уәде берген.
Қазір іс бойынша тергеу жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалған, айғақ заттар тәркіленіп, жанжалға қатысқан адамдардан жауап алынуда.
Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адам заңға сәйкес жазаланғанын талап етуде.


